Облыстық Жастар бастамаларын дамыту орталығында жоба аясындағы кітап сөресінің ашылуы өтті. Жобаны «Social Development Center» қоғамдық қоры жүзеге асыруда.

- Елімізде кітап оқу мәдениетін арттыру мақсатында Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің гранттық қаржыландыруымен бұл жобаны іске асырудамыз, - деді қордың атқарушы директоры Біржан Қазтуғанов. – Осы уақытқа дейін Талдықорған мен Өскемен қаласында 3 сөреден орнаттық. Үшінші кезекте Павлодарға кеп тұрмыз. Кітап сөресін қолданудың басты ережесі – кез келген уақытта ниет білдіруші өзі әкелген кітаптарын басқасына алмастыра алады. Қанша кітап әкелсе, сонша алға құқылы.

Біржан Қазтуғановтың айтуынша, барлық облыс орталықтарында 3 сөреден және Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларында 5 сөреден қойылады. Әр сөреде 100-ден астам кітап болады. Сөрелерде көркем әдебиеттің түрлі жанрындағы кітаптар ұсынылады. Еліміз бойынша қазақ тілінде жарық көрген көркем әдебиет кітаптарының барлығы қамтылмақ.

Павлодар қаласында кітап ауыстыруға болатын 3 сөре облыстық ЖБДО, ПМПУ және С.Торайғыров атындағы ПМУ-да орналасқан. Жалпы, Павлодар қаласындағы сөрелерге 500-ге жуық кітап қойылды.

ПМПУ колледжінің 3-курс студенті Кенжебек Төлеген алмасу үшін 2 кітабын әкелген.

- Бүгін Әзілхан Нұршайықовтың «Ақиқат пен аңыз» және Сайын Мұратбековтың «Жабайы алма» кітаптарын ала келдім, - деді Кенжебек Төлеген. – Алмасу сөресінен Абай жолының 1-томы мен Мұқағали Мақатаевтың «Өмір өзен» кітабын таңдап алдым. Осы уақытқа дейін 6-7 кітапты оқып бітірдім. Кітап оқуға деген қызығушылығым енді оянып келеді. Менің оқыған кітаптарым өзгелерге де пайдалы болар деген үміттемін.

С.Торайғыров атындағы облыстық кітапхананың бөлім басшысы Марал Тәженова бұндай жоба өңірімізде бұрыннан жүзеге асырылып келе жатқанын атап өтті.

- Кітап қай уақытта болсын ультразаманауи гаджет болып табылады, - деді Марал Тәженова. – Мен кітап мәселесін тек кітапхана емес, басқа орындарда да көтеріп жатқанына қуаныштымын. «Bookcrossing» Павлодар үшін жаңалық емес. Бұндай сөре облыстық кітапхана мен университеттердің кітапханасында бар. Қалалық, облыстық шараларда қоғам белсенділері үстел қойып, кітаптарымен алмасып жатады. Мен баршаңызды біздің кітапханаларға да шақырамын. Үйлеріңіздегі кітаптарды әкеліңіздер. Басқалар да оқып, қызығын көрсін.

Оразбек Саяхат
Фото: автор

pavlodarnews.kz

Тэги: Павлодар, кітап алмасу, Bookcrossing, оқырман, кітап