Бұған дейін Павлодар қаласында бірнеше шаштаразда жұмыс жасаған жас кәсіпкер көптен бері өзінің жеке ісін ашуды армандаған.

- Бұл арманымның орындалуына мемлекеттік «Бастау Бизнес» бағдарламасы көмектесті, - дейді Асқар Солтаналинов. – Бұл кәсіппен көптен бері айналысамын. Әскерде бірге қызмет еткен әріптестерімнің шаштарын алатынмын. Кейін танысым біліктілігімді арттыруға көмектесті. Гранттың қаржысына өзіме қажетті құрал-жабдықтар сатып алдым. Ауылдық округ әкімінің аппараты шаштараз ашу үшін ауыл әкімдігінің ғимаратынан орын бөліп берді.

Шаштараз Ақтоғай ауданына қарасты Қожамжар ауылында орналасқан. Қызмет көрсету орнының ашылғанына 4 ай ғана болса да тұтынушы базасы бар жеке кәсіпкер алдағы уақытта кәсібін кеңейткісі келетінін айтады.

- «Бастау Бизнес» бағдарламасы аясында ұйымдастырылған «Жас кәсіпкер» жобасы бойынша 40 адам оқытылып, 6 адам несие алуға өтініш білдірді,- деді Ақтоғай ауданы кәсіпкерлік палатасының директоры Нариман Рахимжанов. - Ал 34 адам 200 АЕК - 505 мың теңге көлемінде грантқа ие болды. Сондай ауылдастарымыздың бірі – Дархан Маукен. Ол аудан орталығында өз қаржысына қоғамдық монша салып, гранттан иеленген қаржыға жетпей тұрған құрал жабдықтарын алды.

Ауыл тұрғыны «Бастау Бизнес» бағдарламасы бойынша өз жобасын қорғап, 100 АЕК көлемінде грантқа ие болған. Бұл қаржыға қазандық және су жылытқыш алды.

- Монша сәуір айында қолданысқа берілді, - дейді Дархан Маукен. - Бағасы тұрғындар үшін қолжетімді деп ойлаймын. Сағаты - 500 теңге. Ал балаларға тегін. Моншаны салуға 4 миллион теңгеден аса қаражат жұмсадым. Алғашында жеке қолданыста болады деп ойладым, бірақ кейін ойлана келе қоғамдық монша болады деген шешімге келдім.

Алдағы уақытта ол кәсібін әрі қарай дамытқысы келетін жас кәсіпкер несие алуды қарастырып жатыр.

Айгүл Жүсіпова

Фото: Ольга Бугаева 

pavlodarnews.kz

Тэги: