Республикалық лекторийге ҚР мемлекеттік қайраткерлері, ғалымдар, ҚХА этномәдени бірлестіктерінің өкілдері, Қоғамдық Келісім және Аналар кеңесінің мүшелері, ғылыми-сарапшылық тобы және кафедралары, құқыққорғау органдарының қызметкерлері мен ҚХА Жастар қанаты қатысуда.

Пленарлық отырыста алғашқы болып сөз сөйлеген Павлодар облысы әкімінің орынбасары Асхат Оралов өңіріміздегі Қазақстан халқы Ассамблеясының атқарып жатқанын жұмыстарына тоқталды.

- Павлодар облысында 113 этномәдени бірлестік жұмыс жасайды, - деді Асхат Оралов. – 300-ден астам өнер ұжымдары, үйірмелер мен клубтар өз жұмыстарын жүзеге асыруда. Облыстық Ассамблеяда медиация орталығы нәтижелі қызмет етуде. Ол орталық 2018 жылы республика бойынша үздік деп танылды. Сондай-ақ ақсақалдар алқасы мен «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысының өңірлік штабы бар. Жыл сайын Қазақстан халқы Ассамблеясы облыста 500-ден астам шара өткізіп, оған 200 мыңнан астам адам қатысады. Соның арқасында халықтар бірлігін сақтау үшін үлес қосуда.

ҚР ҚХА төрағасының орынбасары Шерзод Пулатов «Қазақтану» жобасы өзге ұлттарға қазақ ұлтының болмысын танытып, мемлекеттік тілді меңгертуді көздейтінін атап өтті.

- Елбасымыз Ассамблеяның 26-сессиясында бұл жобаны жүзеге асыруға тапсырма берген болатын, - деді Шерзод Пулатов. – Мақсатымыз – қазақ халқының тарихын, мәдениетін, салт-дәстүрін үйрету. Оған қоса, еліміздегі барлық ұлттың арасында бірлікті сақтау. Қазақ халқының болмысын ортаға сала отырып, өзгелерге насихаттау. Қазақ тілінің жалпыға ортақ қолданылуын қалыптастыру. Жоба барысында әр түрлі саладағы ғұламаларды, елге танымал тұлғаларды, қоғамдағы белсенді азаматтарды шақырамыз. Олар лекторийда өз тәжірибелерімен бөліседі. Лекторий басында салт-дәстүрлердің көрінісін ұсынамыз. Жалпы, жоба қорытындысында өзге ұлттар да қазақ тілін меңгереді, қазақ ұлтының болмысымен танысады деген нәтиже күтеміз. Ортақ тіліміз – қазақ тілі болады деген ойдамын.

Айта кетейік, қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірліктің қазақстандық моделін насихаттауға арналған республикалық лекторий жұмысы 3 күнге жалғасады.

Оразбек Саяхат
Фото: Ольга Бугаева

pavlodarnews.kz

Тэги: Павлодар, Қазақтану, лекторий, ҚХА, ұлттық болмыс