Тұрғындарды жұмыспен қамту орталығының маманы Ринат Қарамбаев айтқандай, аталған бағыт нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017 – 2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының арқасында жүзеге асырылуда.

- Аталған бағдарлама аясында жұмыссыздарды барлық меншік нысандарындағы ұйымдарға әлеуметтік жұмыс орындарына орналастыру жүзеге асырылуда, - дейді Ринат Қарамбаев. – Бұл жұмыстар уақытша сипатқа ие. Жұмыс берушінің тағайындаған жалақы көлемінің 35 пайызы мемлекет тарапынан қосымша субсидияланады. Биыл қала бойынша 311 адамды әлеуметтік жұмыс орындарына орналастыру жоспарланған болатын. Бүгінде жоспар 100 пайызға орындалды.

Тұрғындарды жұмыспен қамту орталығымен тығыз қарым-қатынас орнатқан «Ваш персонал» кадрлық агенттігінің директоры Гүлмира Шегеннің сөзіне сенсек, осы әріптестік арқасында биыл алты адам табыс көзіне ие болған. Агенттікке жұмысқа қабылданған азаматтардың жалақысы 60-100 мың теңге шамасында. 

«Ваш персонал» кадрлық агенттігінде жұмысқа орналасқандардың бірі – Ақсу қаласына қарасты Жолқұдық ауылының тұрғыны Айнұр Ғабдуллина табыс көзін тапқанына дән риза.

- Жасым 32-де. Жұмысты үш ай бойы іздеп жүрдім. Жұмыспен қамту орталығының көмегімен осы жерге техникалық персонал ретінде жұмысқа тұрғаныма қуаныштымын, жалақысы да ұнайды, - дейді Айнұр Ғабдуллина.

Айта кетерлігі, қазіргі кезде қалалық мекемелер мен жеке меншік ұйымдардан 2020 жылға арналған бос әлеуметтік жұмыс орындар туралы мәлімет жинастырылуда.

Айбек Жұматов

Фото: Ольга Бугаева

pavlodarnews.kz

Тэги: жұмыспен қамту орталығы, кәсіпкерлік, бос орындар, әлеуметтік мәселе,