Бұл туралы ҚР Ұлттық Олимпиадалық комитетінің баспасөз қызметі мәлім етті.

- 2019 жылдың 24 маусымы күні Инсбурк қаласында биатлоннан Қазақстан командасының жарыстан шеттетілген спортшыларына қатысты отырыс өткен болатын, - деді баспасөз қызметінде. – Отырыс IBU Допингке қарсы панелінің бастамасымен өтті. Аталған отырыстың шешімі туралы ақпарат мәлім болды. Қазақстандық спортшылардан допингке қарсы ережені бұзғаны үшін тағылған айыптар алынып тасталды. Сондай-ақ, олардың IBU ұйымдастыратын халықаралық жарыстардан шеттетілуі туралы шешімнің де күші жойылды.

Айта кетейік, 2018 жылдың 21 қарашасында IBU құрамында павлодарлық Антон Пантов, Максим Браун, Дарья Климина бар Қазақстан командасының негізгі құрамын жарыстардан шеттету туралы шешім шығарған. Барлық биатлоншыларға халықаралық және республикалық жарыстарға қатысуға уақытша тыйым салынған болатын.

Ұлттық Олимпиадалық комитетінің мәлімдеуінше, 2017 жылғы 8 ақпанда допинг қолданды деген күдікпен Австрияның Федералды полициясы Қазақстан құрамасының спортшылары мен жаттықтырушыларының допингке жоспардан тыс сынамаларын алып, іздестірген. Қазақстан құрамасына тиесілі қолданылған дәрі-дәрмектердің қоқыс жәшігінен табылуы допинг дауына себеп болған.

Оразбек Саяхат

pavlodarnews.kz

Тэги: Павлодар, биатлон, допинг, дау, спорт