Бұл туралы BAQ.KZ тілшісі хабарлайды.

Бүгінгі күнге дейін «Жәрдем» консультациялық-диагностикалық пойызы Жамбыл облысының 17 станциясын аралап үлгерді, 2475 тұрғын тексерілді, оның 521 бала. 16 424 дәрігерлік қабылдау тіркелді. 512 – шағын хирургиялық ота жасалды, оның ішінде 345 тіс емделді, 51 – жараға білте қою өткізілді. Терапевт,педиатрдың қабылдауында 2475 пациент болды, хирург 736 адам қабылдаса, уролог 871 адамды тексеріп үлгерген. Ең көп дәрігерлік тексерулерді офтальмолог маман жүргізген – 1172 қабылдау, ЛОР-1724 қабылдау, гинеколог – 1010 және стоматолог – 1366 адамды қабылдаған. Пойыздың жұмыс жасау уақытында 1114 ЭКГ жасалды, 352 – ФГДС, 1439 – УДЗ (УЗИ), 1344 – флюорография жасалды.

«Ең жиі кездесетін аурулар қатарында ауыр бронхит, ауыр ринит, фарингит, ауыр отит, сонымен қатар, артериалды гипертензия, қант диабеті, бронх демікпесі, простатит, созылмалы холецистит, панкреатит, гастрит, асқазан жарасы сияқты ауралар да жиі кездеседі. Балалардың арасында созылмалы және ауыр бронхит, отит, ринит, фарингит жиі тіркелген», - дейді «Жәрдем» медициналық пойызының бас дәрігері Айнұр Егінбаева.

Дәрігердің айтуы бойынша медициналық пойыз жұмысының барысында шұғыл жағдайлар да кездескен.

«Біздің жанымыздан өтіп бара жатқан көрші пойыз біздің «Жәрдем» медициналық пойызын көріп, аялдама жасады. Пойыздағы бір жолаушы бала дене температурасының жоғарылауы салдарынан ауырып қалғаны белгілі болды. Балада дене құрысуы басталып, біздің дәрігерлер алғашқы көмек көрсетіп, дене қызуын түсіріп, баланы станцияға алып кету үшін жедел жәрдем шақырды. Ал екінші жағдай – 8 жасар бала мотоциклден құлап, өте ауыр жағдайда болды. Оны біздің мамандар тексеріп, «ішке қан кету», және «бауырдың жарылып кетуі» деген диагноз қойды. Баланы бірден аудандық ауруханаға жіберіп, сол күні ота жасалды», - деп атап өтті Айнұр Егінбаева.

Ал осы уақытта «Денсаулық» пойызы Ақтөбе облысында өз жұмысын жалғастыруда. Бүгінгі күні медициналық пойыз дәрігерлерімен 140 станцияның 21 000 тұрғыны тексерілді.

Медициналық бригада құрамында терапевт, педиатр, гинеколог, xирург, ЛОР, кардиолог, невропотолог, офтальмолог, уролог, онколог-маммолог, стоматолог сияқты мамандар бар.

Естеріңізге сала кетсек, 2019 жылдың 20 тамызында мамандандырылған «Жәрдем» медициналық пойызы іске қосылған болатын. Ол «Денсаулық» пойызымен бірге медициналық көмекке қолы жетпейтін шалғайдағы станциялар мен жақын орналасқан ауылдардың тұрғындарына алғашқы медициналық-санитарлық және консультативтік-диагностикалық көмек көрсетеді. Осы жылдың соңына дейін «Жәрдем» медициналық пойызы Оңтүстік және Батыс Қазақстанның 6 облысының 78 шалғай станциясын қамтиды: оның бағдарына Жамбыл облысы, Түркістан, Қызылорда, Ақтөбе, Атырау және Маңғыстау облыстары кіреді.

pavlodarnews.kz

Тэги: