Белгілі жазушы балаларға арналған 4-ші кітабын шығарды. Аталмыш туынды екі бөлімнен тұрады.

- Кітапты отбасымызбен шығардық, - деді кітап авторы. – 75-ке келгелі отырған жасымда осы кітабым балалардың қолына тисе дедім. Таралымы 100 дана. Кітап мектеп оқушылары және жаппай оқырмандарға арналған. Бірінші бөлімде «Бала Мәшһүр», «Ар соты алдында» атты поэмаларым бар. Табиғат ерекшеліктері мен тарихқа үңілген туындыларым да енді. Екінші бөлімде балалық шақта алған әсерлеріммен бөлістім.

Сонымен қатар, жазушы қазіргі уақытта «Шоң» поэмасын жазып жатқандығын айтты.

- Тарихымыздан белгілі тұлға Шоңның Баянауыл сыртқы округінің аға сұлтаны болуға таласы, сол жолдағы күресі поэмада сөз болады. «Шыңғыс ханның тұқымы ел басқарады» деген қағиданың тас талқанын шығарып, қара қазақ ортасынан шыққан ел басқарушының өміріне арналған шығармамды жазу үстіндемін, - деді Сүлеймен Баязитов.

Жазушы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Ақын Алақанұлы жаңа кітаптың оқырман көңілінен шығатынына сенім білдірді.

- Сүлеймен проза және поэзия жанрында қалам тербеп келе жатқан жазушы, - деді Ақын Алақанұлы. – Оның шығармалары өмірдің шындығын дөп басатындығымен және суреткерлігімен құнды. Бұл жолғы кітабы лирикалық, патриоттық бағытта жазылған. Өңіріміздің үлкен тұлағалары жайлы көрген, естіген, білгендерін ұсынып отыр. Жас және егде оқырмандарға арналған сәтті туынды болыпты. Оқырманның көңілінен шығатынына сенімдімін.

Айта кетейік, «Бала мәшһүр» журналист, жазушы, ақын, өлкетанушы, аудармашы, Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі, Баянауыл ауданының Құрметті азаматы Сүлеймен Баязитовтың 18-ші кітабы. Қаламгер 1944 жылы 2 желтоқсанда Баянауыл ауданы Жұмат Шанин ауылында дүниеге келген. Алғашқы әңгімесі 1962 жылы «Тың өлкесі» газетінде жарияланған.

Жазушы Омар Хайям, Пабло Неруда, Федор Тютчев, Леся Украинка, Роберт Бехер, Вашингтон ирвинг, Марк Твен сияқты әлем әдебиеті классиктерінің поэзиялық және прозалық шығармаларын қазақ тіліне аударды.

Оразбек Саяхат

pavlodarnews.kz

Тэги: Павлодар, жазушы, Сүлеймен Баязитов, кітап