Жиынды ашқан облыс әкімінің орынбасары Асхат Оралов Павлодар облысын жастар ордасы деп атап, өскелең ұрпақты белсенділікке шақырды.

- Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей тапсырмасымен биылғы жылы Президенттік жастар кадрлық резерві жасақталмақ, - дейді Асхат Оралов. – Мұндағы басты мақсат – дарынды жастар үшін ашық және тиімді әлеуметтік саты құру. Оған 35 жасқа дейінгі бес жылдан кем емес еңбек өтілі бар жастардың барлығы қатыса алады. Ешқандай шектеу жоқ.

Асхат Оралов атап өткендей, Ертіс-Баян өңірінің азаматтары аталған кадрлық резервке көбірек енгені маңызды. Сол себепті облыс басшысының орынбасары құжаттарды қабылдаудың соңғы күніне созбай, тіркелуден өтуді бүгінгі күннен бастауға шақырды.

ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Павлодар облысы бойынша департаментінің басшысы Тоқтамыс Жұмағұлов, өз кезегінде, Президенттік кадрлық резерв жастарға үлкен мүмкіндіктер беріп, өскелең ұрпақтың мемлекеттік маңызды шешімдер қабылдауға қатысуға жол ашатынын айтты.

Президенттік жастар кадрлық резерві министрлер, оның орынбасарлары, республикалық маңызы бар қалалар, орталық атқарушы органдар комитеттерінің төрағалары, квазимемлекеттік сектор компаниялары басқармаларының төрағалары және мүшелері бағыттары бойынша құрылады.

Үміткерлер pkrezerv.kz сайтында 2019 жылдың 30 қыркүйегіне дейін тіркелуден өтуі шарт.

Айбек Жұматов

Фото: автор және облыстық ақпарат және қоғамдық даму басқармасы

pavlodarnews.kz

Тэги: жастар саясаты, Асхат Оралов, Президенттік жастар кадрлық резерві