С.Торайғыров атындағы облыстық кітапханада өткен «Мен жастарға сенемін!» мүшәйрасының қорытынды шарасында басқарма басшысы жас ақындармен тіл саясатына қатысты идеяларымен бөлісті.

- Құрметті жас достар, бұл басқармамыз ұйымдастырып жатқан қарапайым шаралардың бірі, - деді Ернұр Дәуенов. – Біз жас ақындарға барынша жағдай жасау керекпіз. Әлі түрлі шаралар, сайыстар ұйымдастырылады. Бүгін сіздермен танысу үшін келіп тұрмын. Сіздерге өз ойымды жеткізгім келеді. Жас ақындардың бізге қарағанда мүмкіншіліктері зор. Сіздердің осы әлеуеттеріңізді біздің ортақ мақсаттарымызды жүзеге асыруға жұмсауға шақырамын. Мен жас ақындарға көп үміт артамын. Жақында көп жоба жариялаймыз. Солардың қала, аудандарда жүзеге асырылуын бақылауда сіздер атсалысады деп ойлаймын.

Ернұр Дәуенов алдымен жастар арасындағы қазақ тілінің жағдайына тоқталды.

- Мектептегі оқушылар қазақ тілін біледі және сөйлей алады, - деді басқарма басшысы. – Бірақ өзара қарым-қатынас орыс тілінде жүріп жатады. Ол әдетке айналған. Сондықтан бізге олардың санасында қазақ тілінде сөйлесу керектігін қалыптастыру қажет. Тілдің дамуына көмектесетін негізгі армия – сіздер деп білемін. Аймақтағы көзімізсіздер. Біздің жобалардың тиімді өкілі болуға шақырамын.

Сонымен қатар, бүгінде мектептерде домбыра үйірмелері ашылуда. Ондағы мақсат – жаппай домбыра үйренуді қолға алу. Сондай-ақ «Рухани жаңғыру» кабинеттері де ашылып жатыр. Қазіргі уақытта облысымызда 80-ге жуық бұндай кабинеттер ашылған.

- Ол кабинеттерде не өтіп жатқандығын бақылау керек. Не өткізу керектігі жөнінде де идея тастаңыздар. Біз көп акциялар, челлендждер бастаймыз. Соны таратуға, белең алуына мүмкіндігіміз жетпей жатады. Жуырда 27 қыркүйек күні «Томирис» фильмінің тұсаукесері болады. Мен бір топ адамды бастап бармақпын. Ол қай тілде болатынын білмеймін. Бірақ ол жердегі мағына, берілетін тарих тікелей бізге байланысты. Кейде өзге тілде болған шаралар, біздің болмысқа байланысты болса оны да қолдау қажет. Сол кезде сіздердей серіктестер керек. Мен әлеуметтік желіде отырамын. Баршаңызды желіде достасуға шақырамын.

Басқарма басшысы тілді дамытудың негізгі бағыттарының бірі – мәдениетті дамытумен қатар жүру керектігін атап өтті.

- «Қазақ әлемі» атты жобаны жарияладық. Сол жоба әлі де жаппай жүзеге асса деймін. Біз әр қазақтың тойында домбыра сыйлануы туралы бастама көтердік. Қанша той болса, сонша домбыра сыйлануы керек. Осы бағытта ата-аналарыңызға әсер етуге сіздер көмекші боласыздар. Бір тойда домбыраны апарғанға дейін артынан қалмай, игі бастамаға ат салысуға итермелейтін деңгейде болсаңыздар дейміз. Оған қоса, киімге ұлттық белгі тағу мәселесі бар. Ою болса да, арнайы киімдерді тіктірсеңіздер де достар арасындағы кездесулерге ұлттық нақышы бар киіммен баруды сәнге айналдыру керек. Ондай киім тек наурыз мерекесінде киілмеуі тиіс.

Ернұр Дәуенов қоғамдағы қызмет көрсету саласында мемлекеттік тілді дамыту басты мәселе болып тұрғанын тілге тиек етті.

- Өткен жылы Абзал Құспан бастаған бір топ тіл жанашырлары өңірімізге келген. Сол кісілер айтқан бір ұсынысты қолдаймын. Оны әрі қарай дамытуды ұсынамын. Ол қызмет көрсету саласында (дүкен, автобус, емхана және т.б.) қазақ тілінің жағдайын түзеу. Мысалы, бір дүкенді алып, оған барып алатын затты қазақша сұрайсыз. Түсінбесе, орысша айтып, алып кетесіз. Одан кейінгі біреуі келіп тағы қазақша сұрайды. Осылай қайталай беру керек. Сол арқылы саудагердің өзін ойландыру қажет. Бұндай жұмыстар нәтиже беруі үшін бәріміз жұмылу керекпіз. Сіздердің тараптарыңыздан идеялар болса, ашық екенімді жеткізгім келеді.

Оразбек Саяхат

pavlodarnews.kz

Тэги: