Павлодар мұнай құбыры басқармасының жұртшылықпен байланыс жəне ішкі коммуникациялар жөніндегі жетекші маманы Бейбіт Бөженнің мәлімдеуінше, 1983 жылы пайдалануға берілген «Павлодар-Шымкент» магистральдық мұнай құбыры – біздің облыс аумағынан өтетін мұнай құбырларының бірі.

- Құбырдың жалпы ұзындығы 1637 шақырым, - деді Бейбіт Бөжен. – Диаметрі 820 миллиметр. Бұл трасса Батыс Сібірден Шымкент қаласына мұнай тасымалдауға арналған. Жақында ірі магистральдық желінің бірнеше учаскесі жөндеуден өтті. Яғни, ақауы бар бөлік ауыстырылды. Жұмыс бойынша жоспар «ҚазТрансОйл» АҚ орталық аппаратымен келісіліп, әр іске жауапты адамдар белгіленіп, рұқсат қағаздар ресімделді.

Павлодар мұнай құбыры басқармасының бастығы Нұржан Күшжанов жөндеу жұмысы кезінде газ тарау, өрт шығу қаупі жоғары екенін атап өтті.

- Бұл ретте қолданыстағы мұнай құбырларындағы жөндеу жұмыстары аса мұқият болуды қажет етеді, - деді Нұржан Күшжанов. – Жұмысты қауіпсіз жүргізу үшін батыс және шығыс өңірлерден азоттық-компрессорлық станциялар, жылжымалы сорғы станциясы жұмылдырылды. Дәнекерленген түйістер тексерілген соң учаске толығымен қайта толтырылды. Осылайша, жоспарлы істердің жүйелі атқарылуы нәтижесінде «Павлодар-Шымкент» магистральдық құбыры мұнай тасымалдау кестесіне сәйкес іске қосылды. Мұнай құбырының ақауы бар учаскесін кесу жұмыстары кезінде барлық нормалар мен стандарттар сақталып, сәтті аяқталды. Біздің басты мақсат – мұнайдың апатсыз және үздіксіз тасымалын қамтамасыз ету

Айта кетейік, жөндеу жүргізілген аумақта жұмыс істеген Павлодар, Қарағанды, Жезқазған мұнай құбыры басқармалары қызметкерлеріне қолайлы жағдай жасау үшін қалашықтар, яғни лагерьлер тігіліп, тамақтану мен демалуға арнайы орындар қарастырылды. Электр энергиясы тартылып, штаб, бас диспетчерлік басқармасы және жұмыс орны арасында телефон, радио байланысы орнатылды.

Оразбек Саяхат

pavlodarnews.kz

Тэги: Павлодар, мұнай басқармасы, құбыр, жөндеу, мұнай