Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында Қазақстанның Іскер әйелдер ассоциациясының төрайымы Аурика Дяк айтты.

– Жобаның мақсаты – қайырымдылық идеяларын дәріптеу, белсенді азаматтық бастамаларды дамыту, - дейді Аурика Дяк. - Байқауға әлеуметтік, қоғамдық проблемаларды шешуге және өздерінің жомарттығымен басқаларды мейірімділікке ынталандыруға үлес қосып жүрген жеке және заңды тұлғалар қатыса алады. Былтырғы жылы республика бойынша 97, Павлодар қаласы бойынша 12 өтінім болды. Былтыр «Батыл жүрек» және «Асар» номинацияларына қатысқан екі жерлесіміз мақтау қағаздарымен марапатталды.

Спикердің айтуынша, лЛауреаттар бес номинация бойынша анықталады: «Асар» - халықтың салт-дәстүрімен байланысты қайырымдылық қызмет көрсететін адамдарға қолдау көрсетуге бағытталған номинация. «Туған жер» номинациясы білім беру, экология және көріктендіру саласында туған өлкеге көмек көрсететін адамдарға беріледі. «Мейірім жолында» аталымға ерікті негізде және тегін көмек көрсететін, игі істер атқаратын адамдар ие болады. «Батыл жүрек» номинация ерлік іс жасаған, жанкештілік танытқан адамға қолдау көрсету мақсатында тағайындалады. Ал, «Қайырымдылық тарихы» номинациясы БАҚ-та қайырымдылық тақырыбын қозғайтын, қоғамның назарын әлеуметтік проблемаларға аудартатын материалдардың жариялануын қамтамасыз ететін журналистерге немесе шығармашылық ұжымға беріледі.

– Жарысқа кәсіпкерлік субъектілері және қайырымдылық қызметті мемлекеттік қолдау арқылы жүргізетін тұлғалар (мемлекеттік грант, мемлекеттік тапсырыс және т.б.) қатыстырылмайды, – деді облыстық ақпарат және қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Руслан Тілеулесов. –
Байқауды ұйымдастырушылар ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасының Қоры, Қазақстанның Іскер әйелдер қауымдастығы және «Хабар» Агенттігі АҚ, Республикалық «КТК» телеарнасы және «Оқжетпес» емдеу-сауықтыру орталығы. Ақпараттық қолдаушы – «КТК» телеарнасы.

Айта кетейік, жарыс жеңімпаздарының есімі Нұр-Сұлтан қаласында 26 ақпан күні Алғыс айту мерекесі қарсаңында белгілі болады.

Айгүл Жүсіпова 

Фото: Ольга Бугаева

pavlodarnews.kz

Тэги: Павлодар, халық, жарыс