Бұл туралы ҚазАқпарат хабарлайды.

Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Анар Жайылғанова бастаған қазақстандық делегация цифрлық мемлекеттік көрсетілетін қызметтер саласындағы озық тәжірибені зерделеу мақсатында Стокгольм (Швеция) және Копенгаген (Дания) қалаларында болды.

«Қазақстандық делегацияның сапары мемлекеттік аппаратты кәсібилендіру тетіктерін одан әрі жетілдіру, мемлекеттік көрсетілетін қызмет сапасын қамтамасыз ету бойынша БҰҰ Даму бағдарламасымен бірлескен жоба аясында өткізілді.

Бас директорлармен, департаменттер мен кеңселердің директорларымен, сондай-ақ Швеция мен Данияның уәкілетті органдарының жоба менеджерлерімен, кеңесшілерімен және бизнес-әзірлеушілерімен екіжақты кездесулер өткізілді», делінген хабарламада.

Өз қызметін таныстыру барысында швециялық органдар цифрландыруды дамыту, оның ішінде мемлекет пен азаматтардың өзара іс-қимылында жасанды интеллектіні енгізу бойынша негізгі тәсілдерді ұсынды, ол қызмет алушылардың қажеттіліктерін жоспарлауға және «болжауға» мүмкіндік береді.

Өз кезегінде, даниялық тарап түрлі қызметтерді, соның ішінде банк қызметтерін алуда электрондық ID (жеке нөмір) пайдалану әдістерін айтты. Елдің әр түрлі ақпараттық жүйелерінде тіркелу үшін бірыңғай логин мен құпиясөз пайдаланылады.

Қазақстан делегациясы цифрлық мемлекеттік қызметтерді дамыту мен ұсынудың отандық моделін таныстырды.

Атап айтқанда, А. Жайылғанова Қазақстанда мемлекеттік көрсетілетін қызмет сапасын арттыруға және қызмет алушылар мен мемлекеттік қызметшілердің өзара іс-қимылын болдырмауға бағытталған сандық шешімдерді пайдалану әдістері туралы айтты.

«Бір өтінішті» пайдалану – бұл бір өтінішпен қызметтер кешенін көрсетудің қызықты әдісі. Бізге де бұл туралы ойлану керек», деді Швецияның кәсіпорындарды тіркеу қызметінің бас директоры Анника Стенберг.

Сонымен қатар, қазақстандықтардың белсенді қолданатын «mGov» және «SmartAstana» мобильдік қосымшаларын көрнекі көрсету қорытындысы бойынша Данияның цифрландыру және жергілікті өзін-өзі басқару агенттігінің өкілдері Нұр-Сұлтан қаласына сапарын қоса отырып, өз жоспарларына енгізген түзетулерді айтты. Танысу сапарының қорытындысы бойынша тараптар мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің бизнес-процестерін цифрландыру және автоматтандыру саласында өзара ынтымақтастық туралы келісімге келді.

Еске сала кетсек, БҰҰ-ның 2018 жылғы «UNE-Government Survey» зерттеуі Дания мен Швеция БҰҰ-ға қатысушы басқа елдер арасында цифрландырудың даму деңгейі бойынша жетекші елдер екенін көрсетті.

pavlodarnews.kz

Тэги: