Іс-шараны ашқан облыс әкімінің орынбасары Асхат Оралов форум қатысушыларына ыстық сәлемін жеткізіп, өскелең ұрпақ алдында тұрған мақсат-міндеттерді санамалап өтті.

- Қазақстанның болашағы жастардың қолында екені мәлім, - дейді Асхат Оралов. – Елбасымыз әрқашан үштұғырлы тіл идеясын қолдап келеді. Осы орайда, ең алдымен ана тіліміз – мемлекеттік тілді меңгеру керек. Бұл азаматтық парызымыз. Оған қоса, қазақстандықтар орыс пен ағылшын тілдерін меңгеруі тиіс. Жалпы киелі Ертіс-Баян өңірінің жастары елдің дамуына өз үлесін қосуға әрқашан дайын екендігін атағым келеді.

Сөз соңында өңір басшысының орынбасары осынау ірі форумды ұйымдастыруға мұрындық болған «Болашақ» бағдарламасы түлектерінің қауымдастығына алғысын білдірді.

Аталған қауымдастықтың атқарушы директоры Лаура Демесінова айтып өткендей, бұл жоба әртүрлі жастар ұйымдары арасындағы қарым-қатынасты нығайту мақсатын көздейді.

- Бұл жобаға еліміздің 800-ге тарта жастары қатысып үлгерді. Павлодарда өтіп жатқан форумға Солтүстік Қазақстан, Қостанай және сіздердің өңірлеріңіздің жалпы саны 200-ге тарта жастары қатысуда. Іс-шара кезінде сөз болатын ең ұтымды ойлар мен идеялар форум қорытындысында жарық көретін арнайы жинаққа енгізілетін болады, - дейді Лаура Демесінова.

Қостанайдан келген Әлішер Құсайынов жиында өз идеяларын жеткізуге әзір. Қостанайлық мейман пластикалық асфальт идеясын ортаға салмақ. Оның айтуынша, бұл технология қаражатты үнемдеумен бірге, экологияны сақтауға көмектеседі.

Айта кетейік, екі күнге созылатын форум кезінде С. Торайғыров атындағы ПМУ ректоры Мейрам Бегентаев, United States/Kazakhstan Trade Council директоры Дэвид Валера, белгілі журналист Санди Сұлтан сынды тұлғалар жастармен өз тәжірибелерімен бөліседі.

Айбек Жұматов

Фото: автор

pavlodarnews.kz

Тэги: жастар саясаты, Асхат Оралов, "Болашақ", тәжірибе алмасу