- Көбісі нәтижеге қол жеткізу үшін легионерлерге қаржы мол бөледі, - деді Марат Айдашев. – Біз бұл тәжірибеден басқа жол таңдадық. Шет елдік ойыншылардан үнемдеген қаржыны инфрақұрылымға жұмсауды шештік. Соңғы 3 жылда облыста 15 толыққанды алаң салдық. Барлық дерлік аудандарда алаң бар. Әлі жалғастырудамыз. Биыл «Жұлдыз» стадионын жөндеуден өткіздік. Ол жерде футболдан Премьер-Лига матчтарын өткізуге болады. Біз балалардың болашағы үшін жағдай жасаудамыз. Олар легионерлердің орынын басуы тиіс. Біз былтыр волейбол клубында легионерлерден бас тартуды бастадық. Қазір ұлттық біріншілікте толық біздің ойыншылар ойнауда. Осы әдіспен барлық спорт түрлеріне көшпекпіз. Футбол, хоккей клубтары да солай болады. 3-4 жылда ауыстыруымыз мүмкін. Сонда жергілікті ойыншылар қала үшін, жақындары үшін шайқасатын болады.

Басқарма басшысы жаппай шұғылданатын спорт түрлерін дамыту үшін «Спорт-Сити» жобасы қолға алынғанын атап өтті. Жоба бойынша үлкен 4 нысан салынып жатыр.

- Бұл жердегі футбол манежіне – 1,4 миллиард, жеңіл атлетика манежіне – 4,8 миллиард, олимпиадалық резерв дайындау орталығына – 3,2, мұз сарайына – 1 миллиард теңге бөлінген, - деді Марат Айдашев. – Жеңіл атлетика манежі мен резерв дайындау орталығы келер жылы дайын болады. Ал, мұз сарайы аяқталуға жақын. Футбол манежі желтоқсанның 1-інде тапсырылуы тиіс. Бұл жабық футбол алаңының өлшемі 90х60 метр. Сондай-ақ сыртта тағы бір осындай ашық алаң дайындалуда. Футбол ең қолжетімді спорт түрі болғандықтан, Павлодарда алаң жетіспеуде. Бір алаңда 14 ұжым жаттығады. Өтініштер өте көп. Бұл манежде бір сәтте 3-4 топтан 100-ге жуық адам жаттыға алады. Әсіресе, қысқы уақытта пайдалы. «Ertis» клубы да жаттығу өткізетін болады. Сондай-ақ өтініш білдірген кез келген ұжым жаттыға алады.

Павлодар облысында мамандандырылған түрде футболшыларды «Ертіс» футбол орталығы, спорт мектебі және Ақсу, Екібастұз қалалары мен аудандардағы барлық спорт мектебінің бөлімдері даярлайды.

Марат Айдашевтың айтуынша, жаңа нысандарға қаладан жеке көлік, трамвай және автобус арқылы жетуге болады.

- Бұл спорт қалашығына дейін жақсы жол салынды, - деді басқарма басшысы. – Жеке көлікпен қаладан бері 3 минутта жетуге болады. Екі жағынан трамвай жолдары өтеді. Сондай-ақ қалалық жолаушылар тасымалы бөлімімен автобустық бағыттар енгізу туралы келісім жасадық. Футбол манежінде 12 киім ауыстыру орны ашылады. Яғни, жаттығушылар киімдерін қалдырып кетуіне мүмкіндік туады. Қалашық шетінде 200 орынды жатақхана салу да жоспарланып отыр.

Басқарма басшысы өңірде жақсы спортшыларды дайындауға мамандар жеткілікті екенін айтты.

- Бізде мамандар мен бапкерлер жеткілікті, - деді Марат Айдашев. – Тек инфрақұрылым жағынан кешігіп жүрміз. Жаңа нысандар арқылы орлимпиадаға қатысатын спортшыларымыз көп болады. Олимпиаданың жүлдегері шығу үшін жағдай жасалу керек. Осы қалашықта әр нысанда 15-20 адамнан шамамен қызмет көрсететін 150-ге жуық жаңа тұрақты жұмыс орыны ашылады.

Айта кетейік, Павлодар облысында 230 мыңға жуық адам тұрақты спортпен шұғылданады.

Оразбек Саяхат
Фото: Ольга Бугаева

pavlodarnews.kz

Тэги: