2007 жылы туылған балалардан құралған «Ертіс» хоккей командасы ҚР чемпионатында өз топтарында 1-ші орында келеді.

- Жуырда Екібастұз қаласында ел чемпионатының 1-туры өтті, - деді команда бапкері Дархан Ақберғанов. – Біз «Б» тобындамыз. Әлі 3 тур бар. 4 турдың қорытындысы бойынша жеңіске жетсек «А» тобына шығамыз. Қазір командада 23 бала бар. Бұл аз. Күн сайын жаттығу өтеді. Бір кемшілігі – мұз айдыны жетіспейді. Қара жерде дайындық жасаймыз. Мұз айдынының жетіспеуінің себебі, «Астана» мұз сарайында командалар көп. «Ертіс» клубы бар. Олардың жастар командасы да бар. Сырғанау үшін жалға да беріледі. Сондықтан толыққанды жаттығу өткізе алмаймыз. Әйтпесе, өңірдегі балаларда хоккейге қызығушылық бар. Біздің команданың мақсаты – келесі топқа өтіп, мықтылармен күш сынасу.

Бұл жастағы балалардың «Б» тобында 6 команда бар. Павлодарлықтар 1-турдағы 5 ойында да жеңіске жеткен. Чемпионат келесі жылдың сәуір айында аяқталады.

Команданың қорғаушысы 12 жастағы Никита Грохоров хоккеймен 6 жылдан бері айналысады.

- Жуырда Екібастұзда чемпионат басталып, біз топ бастадық. Қарсыластар мықты. Біз барынша тырыстық. Нәтижесін көрдік. Болашақта хоккей бапкері боламын деген ойдамын, - деді Никита Грохоров.

«Астана» мұз сарайында орналасқан БЖСМ қысқы спорт түрлері бөлімінде 400-ден астам бала бар.

- Бізде қысқы спорт түрлерінен шайбалы хоккей, фристайл, мәнерлі сырғанау, биатлон, шаңғы жарысы, коньки жарысы бойынша балалар жаттығады, - деді бөлім әдіскері Татьяна Фраер. – Әр спор түрінен бірнеше жастағы топтар бар. Ең көбі хоккейде 120-ға жуық бала бар. 19 топта 5 жастан бастап, 18 жасқа дейінгі балалар айналысады. Барлығы тегін қатысады. Мұзда жаттығуға байлнысты кесте ылғи өзгеріп отырады. Өйткені, «Ертіс» хоккей клубының өткізетін кездесулеріне бағынамыз. Дүйсенбі мұзда ешкім жаттықпайды. Дегенмен, қалған күндерде әр топ жаттығу өткізіп шығады.

Павлодар облыстық туризмді және спортты дамыту басқармасының басшысы Марат Айдашев мұз айдыны жетіспеушілігінің мәселесі жуырда шешілетінін атап өтті.

- «Спорт-Сити» жобасы бойынша жаңа мұз сарайы бой көтерді, - деді Марат Айдашев. – Сарай бұл күнде дайын деуге болады. Салқындатқыш құралдары толық орнатылған. Биыл пайдаланға берілуі тиіс.

Оразбек Саяхат

Фото: ашық дереккөздерден

pavlodarnews.kz

Тэги: спорт, "Ертіс" ХК