Қалалық тұрғын үй инспекциясы басшысының орынбасары Нұрлан Рашитовтің айтуынша, қалалық әкімдік қаулысына сәйкес, облыс орталығының әлеуметтік нысандарына 16 қыркүйектен бастап жылу беріле бастаған.

- Бүгінде Павлодардағы орталықтандырылған жылыту жүйесіне қосылған барлық 1276 көпқабатты тұрғын үйлердің шамамен 1100-і жылу қабылдауға әзір, - деді Нұрлан Рашитов. – Бүгінде «Павлодар жылу желілері» ЖШС 600-ге тарта өтпелі акт беріп үлгерген. Қалған үйлерде комиссиялық тексеру жұмыстары жүргізілуде.

Нұрлан Рашитовтің айтуына қарағанда, қаладағы шамамен 100 көпқабатты үйдің әзірлігі 60%. Бұл үйлердің тұрғындары жөндеу жұмыстарына қажет қаражатты уақтылы жинастырмағанына салдарынан бұлардағы әзірлік жұмыстары кеш аяқталуда. Дегенмен, олардың барлығы жылумен қамтамасыз етіліп, қысқы уақытта ерекше назарға алынады.

Қысқы жылыту маусымына әзірлікті ойдағыдай аяқтаған «Коммунальщик Отау» ғимараттар иелерінің кооперативінің басшысы Нұр-Сәуле Байболатова Ворушин, 10 мекен-жайында орналасқан көпқабатты үйде атқарылған жұмыстармен таныстырды.

- Тұрғындардан мақсатты қаражат екі кезеңмен жинастырып, барлығы 2,3 миллион теңгеге екі су жылытқыш пен басқа да қондырғыларды жаңарттық, - дейді Нұр-Сәуле Байболатова. – Әрбір тұрғынға шаққанда 27 мың теңгеден жинадық. Бүгінде тұрғындар өз мүлкіне өздері ұқыпты қарап, уақтылы жөндеу жұмыстарын жасау керектігін түсіне бастады.

Аталған кооператив 50 көпқабатты тұрғын үйге қызмет көрсетеді. Олардың басым бөлігі жылыту маусымына толықтай әзір.

Айбек Жұматов

Фото: автор

pavlodarnews.kz

Тэги: жылыту маусымы, ТҮКШ, тұрғын үй инспекциясы, көпқабатты үйлер