Жаңа вагондар қоғамның қатысуымен трамвай басқармасында таныстырылды. Белоруссиялық өндірістің трамвайларын сынап үлгерген жүргізушілердің айтуынша, көліктер тәлімгерлер мен жолаушылар үшін ыңғайлы.

- Жаңа трамвайлар ескі трамвайларға қарағанда жүрісі бірқалыпты, соның есебінен қозғалыс кезінде ешқандай кедергілер болмайды, - дейді трамвай басқармасының жүргізушісі Елена Евстратова. – Сонымен қатар, жаңа вагондардағы басқару панелі әлдеқайда жақсы, маневр жасау үшін артық қозғалыс жасаудың қажеті жоқ. Жүргізуші кабинасында кондиционер бар, бұл әсіресе жаз мезгілінде өте қолайлы. Біздің жолаушыларға да жаңа трамвайлар ұнайды. Салонда бұрынғыдай шулы емес, орындықтар әлдеқайда ыңғайлы. Жаңа трамвайлардың сыртқы көрінісі де көзді қуантады.

Жаңа вагондарды жасаушы зауыттың өкілдері ТМД аумағында рельсті көлікті сақтап қалғандардың аз екендігін атап өтті. Егер Қазақстан туралы айтатын болсақ, Павлодар – трамвайлар үнемі жүретін жалғыз қала.

- Павлодарға кіргенде біздің вагондарды көргенде қатты қуандым, - дейді «Белкоммунмаш» сервистік-өткізу орталығының директоры Александр Шутов. - Менің ойымша, бұл трамвайлар Павлодар қаласын одан сайын көркейте түсті. Біз әрі қарай да сіздермен жұмыс жасап, ынтымақтастықта болғымыз келеді. Оның үстіне бізде жаңа ұсыныстар бар. Бұл трамвайлар, электробустар және гибридті автобустар. Бүгін біз автономды жүрістегі көліктерді дамытуға ерекше көңіл бөлеміз, себебі бұл жылжымалы құрамды сатып алу мен пайдалануда айтарлықтай үнемдеуге мүмкіндік береді. Егер трамвайлар туралы нақты айтатын болсақ, бұл жағдайда ЭТЖ салмай рельстерді ғана салуға болады.

Жаңа вагондардың тұсаукесеріне қатысқан облыс әкімі Павлодардың жаңартылған паркті барынша ұзағырақ сақтауға шақырды. Болат Бақауов трамвай мен автобус паркін жаңғыртуды жалғастыруға уәде берді.

- Бізде жаңа вагондарды жеткізу мәселесі болды, оған объективті себептер болды, бірақ ең бастысы жылжымалы құрам іс жүзінде жаңартылып жатыр, - деп атап өтті әкім. – Трамвай - экологиялық таза көлік түрі. Біз павлодарлықтар мен қала қонақтары ең жайлы жағдайда жүру үшін трамвайларымызды жаңарту үшін барынша күш жұмсайтын боламыз. Сонымен қатар, биылғы жылы автобус паркін 76 пайызға дейін жаңартып алдық. Дизельді автобустармен қатар қалада 10 электробус жүреді. Мұнда да біз жұмысты жалғастырамыз.

Естеріңізге сала кетейік, 2017 жылы Еуропалық қайта құру және даму банкі трамвай басқармасына 2,7 млрд теңгеге несие берген. Оның 742 млн теңгесі республикалық бюджет есебінен мемлекет субсидиялаған. Павлодар қаласына 23 вагон жеткізуді  Kazakhstan trade consortium Ltd ұтып алды. Павлодардағы рельстерге «Белкоммунмаш» өндірісінің алғашқы трамвайы 2017 жылдың желтоқсанында шықты.

Фото Валерия Бугаева

pavlodarnews.kz

Тэги: