Бұл туралы ол өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз жиынында айтты.

- 35 жылдық тәжірибелі эпидемиолог ретінде бұл шешімді қолдаймын, - деді Ирина Сорокина. – Кәсіби жолымда түрлі оқиғаларға куә болдым. Екпе жасатпағандықтан вакцина басқаратын инфекциялардан сал болып қалғандарды көрдім. Балалардың тұншығып, аналары көмек көрсете алмағанын көрдім. Індеттің жайылуы халық арасында егілмегендер көп болған кезде басталады. Ұжымдық иммунитет жақсы болу керек.

Департамент басшысы вакцинамен басқарылатын «қызылша» ауруының өскендігін атап өтті. Биыл 198 қызылша оқиғасы тіркелген. 2013-2014 жылдары да бұндай өсу байқалған.

- Осы жылдың 1-қаңтарында 750-ге жуық вакцинадан бас тартушылар болған болса, қазір 609 бас тартушы қалды, - деді Ирина Сорокина. – Әр адаммен жеке жұмыс жасай бастадық. Биыл бас тартушылар өткен жылғыдан аз. 80-жылдары Павлодар облысында балабақшаларға қатысты бұндай норма болған. Балабақша қызылшаға қарсы екпесіз қабылдамайтын. Менің баламды егілмегендіктен қабылдамаған болатын. Бұл норма бұрыннан жұмыс жасаған. Әлі де жасай береді.

Ирина Сорокина екпе жасатпаған ата-аналарға айыппұл салуды құптайтынын ашып айтты.

- Қызылшамен ауырған бір адамды емдеу үшін мемлекет 70 мың теңге жұмсайды, - деді департамент басшысы. – Егер асқынған болса 300 мың теңгеден асады. Қызылша асқынуымен қауіпті. Балаларға тегін көмек көрсетіледі. Өйткені ол – бала, еліміздің азаматы. Алайда, ата-анасына айыппұл салынғаны жөн. Себебі, ата-ана саналы түрде алдын-ала шара қолданбады. Бұл норма әлсіз балаларға қабылданбайды. Әлсіз болғандықтан екпе қабылдай алмайтындар бар. Әлі бұл кодекс қабылданған жоқ. Түрлі талқылаудан өтеді.

Спикердің айтуынша, вакцинадан бас тартушылар нақты себебін айтпайды. Осы уақытқа дейін екпе салмауға негіз бола алатын себеп естімеген.

- Нақты бір жауап айтып, бас тартса түсінетін едім, - деді Ирина Сорокина. – Бас тартушылардың 60 пайызы құрбым айтты, танысым айтты деген біреуден естіген сыбыстан, 20 пайызы вакцинаға сенбегендіктен, 10 пайызы діни сенімдеріне байланысты жауап айтады. Жалпы, қызылшаның таралуын 9-10 айлық сәбилерді еге бастағаннан кейін тоқтаттық. Қазіргі уақытта 4500-ден астам нәрестеге вакцина жасадық. Егілмеген 76 адам қалды. Осы арқылы қызылша ауруын тоқтататынымызға сенімдімін.

Айта кетейік, елімізде азаматтар өмірінде 14 инфекцияға қарсы міндетті вакцина алады.

- Бір кездері «вакцина өзге ауру тудырады» деген сөз тарады. Ел арасында вакцина аутизмге шалдықтырады деген пікір шықты. Британиялық ғалымдар зерттеп, олай емес екендігін дәлелдеді. Одан кейін қант диабетін тудырады деген де шықты. Оны да дәлелдеді. Қазір ғылым дамыған. Әр нәрсенің дәлелі бар. Вакцина егу асқынуға әкелмейді. Бастысы бала вакцинаны алатын кезде дені сау болуы тиіс. Сондықтан екпе алардың алдында бала тексеруден өтуі керек. Денсаулық толық сау болмай тұрғандықтан иммунитет әлсіз болады да, нәтижесі бір жерде ақау шығуына әкеледі, - деді Ирина Сорокина.

Оразбек Саяхат
Фото: ӨКҚ

pavlodarnews.kz

Тэги: Павлодар, вакцина, екпе, балалар, ауру, медицина