Елімізде тұңғыш рет ұйымдастырылып отырған шараның жүзеге асырылуына облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Аналар кеңесі ұйытқы болған.

 - Мұндағы басты мақсат - рухани отбасылық құндылықтарды дәріптеу, жас отбасыларды сан ғасырлық салт-дәстүрлерді аялауға баулу және бесік жырының бала тәрбиесіндегі маңыздылығын айшықтау, - дейді «Нұр-Ана әлемі» ҚБ-нің төрайымы Бақытжамал Максилова. - Біздің аймақта барлығы 24 этномәдени орталық бар. Бүгінгі шарада қалалар мен аудандардан еврей, грек, славян және басқа да орталықтар бесік жырын орындауда. «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деп халық даналығында бекер айтылмаған. Баланың тәрбиесі бесіктен басталады. Сондықтан жас аналарға бесік жырларын үйрету мақсатында перзентханаларға баруды жоспарлап отырмыз.

 Қоғамдық бірлестік төрайымы келесі жылы бұл фестиваль байқау ретінде ұйымдастырылатынын айтады.

 - Сондай-ақ, үйде бала тәрбиесімен отырған аналарды қолдау мақсатында «Ұлы даланың өрнектері» деп аталатын көрмеге жергілікті қолөнершілердің дайындаған жұмыстары қойылды. Ол жерден ұлттық нақыштағы құрақ-көрпелер мен зергерлік бұйымдарын тамашалауға болады. Жас қолөнершілердің жұмысын әрі қарай дамытып, саудасын жүргізуге көмектесу үшін мәслихаттың депуттары да келді және олармен бірге әртүрлі жобаларды жүзеге асыру жолдары талқыланды. Алдағы уақытта жастарға көмек ретінде Batyrmall ойын-сауық орталығынан орын алып беру қарастырылуда. Бұл жастар үшін үлкен қолдау болары сөзсіз.

 Фестиваль ақын Қабдікәрім Ыдырысовтың бесік жырының бар мән-мағынасын кеңінен айшықтайтын өлеңімен ашылды. Бұдан кейін өңірдегі этномәдени бірлестіктері 12 тілде әртүрлі этнос өкілдерінің ұлттық бесік жырларын орындады.

Ақбота Сейсенбаева

Фото: Ольга Бугаева

pavlodarnews.kz

Тэги: қоғам, мәдениет, бесік жырлары, рухани