Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз жиынында облыстық тауарлар және көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Ирина Сорокина мәлім етті.

- 2018 жылы өңірдегі барлық ауылдық жерлерде ауыз судың сапасын тексеруді қолға алдық, - деді Ирина Сорокина. – Нәтижесінде 85 ауылдық жердегі судың сапасы талапқа сай келмеді. Яғни, үлкен ұңғымалар мен жеке құдықтар тексерілді. Бүгінде ауыз судың сапасы нашар 69 ауыл бар. Залалсыздандыру жұмыстары жасалуда. Кейбір жерлерде тек сүзгілерді ауыстыру қажет болды. Жыл соңында 60 ауыл қалады деген ойдамыз. 5 ауылдан тұрақты түрде сынама алып отырамыз. Өйткені, су ылғи өзгеріп отырады. Кейде таза, кейде талапқа сай болмай шығады. Облыстық жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасымен бірге бақылауда ұстап отырмыз. Су сапасын жақсарту үшін тиісті шаралар жасалуда.

Спикердің айтуынша, өңірдегі су құбырлары да бактериологиялық көрсеткішке байланысты тексерістен өтіп тұрады. 94 су құбыры бақылауда. 230 сынама алынып, 9-ы талапқа сай келмеген.

- Сонымен қатар, су қоймаларынан сынамалар алып отырамыз, - деді Ирина Сорокина. – Бұлар демалыс орындары. Бұнда судағы вирустарды анықтау бойынша шаралар атқарылады. Судағы вирустардан адамдар циррозды менингитпен ауыруы мүмкін. Ол туралы бұдан бұрын да айтылды. Ол – уақытша аурулар. Биыл циррозды менингиттің 37 оқиғасы тіркелді. Бұл – қарапайым маусымдық көрсеткіш.

Айта кетейік, биылғы шомылу маусымында су қоймаларынан 200-ден астам сынама алынып, Павлодар қаласындағы жағалау маңынан 5 сынама талапқа сай болмай шыққан.

Оразбек Саяхат
Фото: turkystan.kz және ӨКҚ

pavlodarnews.kz

Тэги: Павлодар, ауыз су, сынама, тексеріс, ауыл