Елбасының «Рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» мақалаларындағы міндеттерді орындау мақсатында Әуезов театры ұжымы Павлодар қаласының тұрғындары мен қала қонақтарына қазақ өнері қарашаңырағының жауһарларына айналған, ел назарында елеулі болған 5 спектаклін ұсынады.

25 қыркүйекте елімізге белгілі павлодарлық ғалым Ғарифолла Есімнің «Таңсұлу» драмасы сахналанады.

26 қыркүйек – Тынымбай Нұрмағанбетовтың «Қожанасыр тірі екен...» комедиясы, 27 қыркүйек – Александр Володиннің «Қоштасқым келмейді...» драмасы және 28 қыркүйек күні Мұхтар Әуезовтің «Абай» трагедиясы ұсынылады. Сондай-ақ 4 күн бойы балалар мен жасөспірімдерге арналған Бақыт Беделханның «Мұқағалимен сырласу» поэтикалық драмасы қойылатын болады.

- Спектакльдер Жүсіпбек Аймауытов атындағы Павлодар облыстық қазақ музыка-драма театрының сахнасында қойылады, - деді театрдың маркетинг және қоғаммен байланыс бөлімінің басшысы Гүлім Рысқұл. – Барлық қойылымдардың басталу уақыты сағат 19:00-де, ал 4 күн қатарынан өтетін «Мұқағалимен сырласу» поэтикалық драмасы сағат 12.00-де сахналанады.

Айта кетейік, Павлодар қаласына гастрольдік сапар барысында елімізге белгілі Асанәлі Әшімов, Бекжан Тұрыс бастаған, құрамында Аян Өтепберген сияқты танымал жас актерлері бар өнер тарландары келмек.

 

Оразбек Саяхат

pavlodarnews.kz

Тэги: Павлодар, театр, гастроль, М.Әуезов театры, өнер, мәдениет