Дөңгелек үстел форматында өткен отырысты ашқан облыстық ПД бастығы, полиция генералы Амантай Әубәкіров департамент бірінші кезекте қоғаммен сындарлы диалог құруға мүдделі екендігін жеткізді.

Облыстық ПД өзіндік қауіпсіздік басқармасының бастығы полковник Асқар Серғазин қатысушыларды тәртіп сақшылары арасында жемқорлықтың алдын алу мақсатындағы жұмыспен таныстырып өтті.

- Мәселен, жылдың басынан бастап 98 жедел алдын алу және рейдтік іс-шара өткізілді, нәтижесінде 51 құқық бұзушылық анықталды, - деді Асқар Серғазин. – Тәртіптік жауапкершілікке 25 қызметкер тартылса, үш адам ішкі істер органдарындағы қызметтен босатылды. Одан бөлек, жемқорлықтың алдын алу бағытында БАҚ және әлеуметтік желілердегі сын жариялымдарына күнделікті мониторинг жүргізіледі.

Асқар Серғазиннің айтуынша, аталған жұмыстың нәтижесінде алты қызметтік тексеру жүргізіліп, үш полицейге қатысты тәртіптік жаза қолданылса, екеуі қызметтен босатылды.

Павлодар облысы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы департаментінің басшысы Айдар Тастеміров полициядағы қылмыстық топтардың ықпалы тыйылғанына ризашылығын білдіре отыра, тәртіп сақшыларын «Ертіс – адалдық алаңы» жобасына белсене қатысуға шақырды.

Белгілі журналист Болат Аманбаев болса, полиция қызметіне оң бағасын беріп, жол жүру ережелерінің сақталуына ерекше назар аудару керектігіне назар аударды.

- «Бала тәрбиесі – бақшадан» дейміз. Жүргізушінің тәрбиесі жүргізу куәлігін алған сәттен басталады. Сол себепті болашақ жүргізушілердің емтихан тапсыруын қатаң қадағалау қажет деп ойлаймын, - деді Болат Аманбаев.

«Nur Otan» партиясы облыстық филиалының партиялық бақылау инспекторы Қанат Жұмабеков, өз кезегінде, тәртіп сақшылары арасындағы сыбайлас жемқорлық фактілерін болдырмау мақсатында атқарылған нақты іс ретінде мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығының ашылуын атады.

Оның айтуынша, ХҚКО-да электрондық форматта қызмет көрсету полицейлер мен тұрғындардың қарым-қатынасын барынша қысқартты.

Айбек Жұматов

Фото: автор және облыстық ДП баспасөз қызметі

pavlodarnews.kz

Тэги: полиция, сыбайлас жемқорлық, полиция департаменті, қылмыс