Бұл туралы облыстық білім беру басқармасының басшысы Дінислам Болатханұлы Instagram парақшасында жариялады.

- ҚР Білім және ғылым министрлігі «2019 жылдың үздік педагогы» республикалық конкурсының жеңімпаздар тізімін шығарды, - деп жазады Дінислам Болатханұлы. - Павлодар қаласы №34 инновациялық үлгідегі жалпы орта білім беру мектебінің информатика пәні ұстазы Илья Поляков пен №19 жалпы орта білім беретін мектептің информатика пәні мұғалімі Алмас Серікбаевты жеңістерімен шын жүректен құттықтаймын!

Отбасында екі қыз тәрбиелеп отырған Алмас Серікбаев 2012 жылдан бастап қалалық, облыстық және республикалық байқауларға қатысып келеді. 2014 жылы «Дарынды балаларға - талантты ұстаз» ІХ республикалық педагогикалық олимпиадасында «Жас маман» номинациясын, 2015 жылы Алматы қаласында өткен мұғалімдердің V республикалық «Алтын диск» байқауында «Жаңашыл» номинациясын, 2016 жылы Алматы қаласында өткен «Үздік авторлық бағдарлама» республикалық байқауында І орынды жеңіп алған.

Илья Поляков 10-11 сынып оқушыларына арналған «Анимация в Macromedia Flash» элективті курс бағдарламасын әзірлеп, оқуға енгізген. 2014 жылы облыстық «Жыл мұғалімі» конкурсында бас жүлде иеленген. Қазіргі таңда шәкірттері еліміздің атақты университеттерінде білім алады.

Ал техникалық және кәсіптік білім жүйесі бойынша 16 ұстаз еліміздің ең үздік педагогы деп танылды. Олардың қатарында Ақсу қара түсті металлургия колледжінің арнайы пәндер оқытушысы Маргарита Козярская да бар.

25 жылдық педагогикалық жұмыс өтілі бар ұлағатты ұстаздың студенттері «Worldskils Kazakhstan», «Worldskils Pavlodar» ұлттық және аймақтық чемпионаттарында жеңіске жеткен.

Айта кетерлігі, Маргарита Козярская 2017 жылы «Шебер-ұстаз» номинациясына ие болған.

pavlodarnews.kz

Тэги: қоғам