Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нұрлан Қасымовтың айтуынша, бұл жаңашылдық биылғы жылдың тамыз айында бектілген.

- Мұндай мемлекеттік қызмет түрінің енгізілуі қоғамның көзі тірісінде донор болу мәселесіне психологиялық тұрғыдан дайын екенін көрсетеді. Бұған дейін 2-3 жыл бұрын тұрғындар арасында бұл сұрақ үлкен пікірталас тудырған. Енді бүгінде жұртшылықтың көзқарасы өзгерді. Қазіргі таңда кез келген адам көз жұмғаннан кейін трансплантация жасау мақсатында өз органы мен тінін тапсыра алатындығы туралы өтініш жаза алады. Біздің өңірде үш павлодарлық қайтыс болғаннан кейін бірнеше адамның өмірін құтқарып қалған болатын. Мұндай маңызды шешімді олардың туыстары қабылдаған. Әзірге облыста көзі тірісінде дүние салған соң донор болуға келісім берген науқастар жоқ, - дейді Нұрлан Қасымов.

Басқарма басшысының сөзіне сүйенсек, Беларусь елінде науқастың ми бөлігі тіршілік белгісін тоқтатқан жағдайда дәрігерлер арнайы порталды қарап шығады. Бұл порталға кез келген адам кіре алмайды.  Осы жерден науқастың аты-жөнінің болуы,  оның көзі тірісінде донор болуға келісім бергенін білдіреді де қажет органдары алынады.

 Еске сала кетейік, биылғы жылы ақпан айында екі рецепиент 37 жасында қайтыс болған Олеся Пушкинаның ағзаларын қабылдаған болатын. Тағы бір мұндай сәтті ота жуырда өткізілді. Астанада ұлттық кардиохирургиялық орталықта павлодарлық донордың өкпесі басқа адамға берілді.

Бүгінде Павлодар облысында 75 адам ағзаларды алмастыру тізімінде тұр.

Ақбота Сейсенбаева

 

pavlodarnews.kz