«Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі» РММ Павлодар филиалы азаматтардың борыш жүктемесін азайту бойынша Президент Жарлығының іске асырылу барысы туралы мәлімдеді.

«Қазақстан Республикасы азаматтарының борыш жүктемесін азайту шаралары туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2019 жылғы 26 маусымдағы № 34 Жарлығын іске асыру шеңберіндеҰлттық Банк, «Мемлекеттік кредиттік бюро» АҚ, «Проблемалы кредиттер бюросы» АҚ екінші деңгейдегі банктер мен микроқаржы ұйымдарымен (МҚҰ) бірлесіп, барлық қазақстандықтарға екінші деңгейдегі банктер мен микроқаржы ұйымдарындағы кепілсіз тұтынушылық кредиттері бойынша 2019 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша есептелген айыппұлдар мен өсімпұлдарды есептен шығару (кешіру) бойынша жұмыс жүргізді.

Ағымдағы жылдың 30 шілдесінде банктер мен МҚҰ 33 620 млн теңге жалпы сомасында 1 192 834 қарыз алушының кепілсіз тұтынушылық қарыздары бойынша айыппұлдар мен өсімпұлдарын есептен шығару (кешіру) бойынша жұмысты аяқтады.

Айыппұлдар мен өсімпұлдарды кешіру бірінші кезекте банктер мен МҚҰ өз қаражаты есебінен жүзеге асырылды. Ағымдағы жылдың 15 тамызында Проблемалы кредиттер қоры айыппұлдар мен өсімпұлдар бойынша есептен шығарылған берешек сомасының 10 086 млн теңге көлемінде 30% өтеуді жүзеге асырды.

Банктер мен микроқаржы ұйымдарында кепілсіз тұтынушылық қарыздар бойынша берешекті (негізгі борыш және сыйақы) 300 мың теңгеге дейінгі мөлшерде өтеу бойынша жұмыс азаматтардың мынадай санаттарын қамтиды: көпбалалы отбасылар, жалғыз асыраушысынан айырылу жағдайына байланысты төлем алатын отбасылар, мүгедек балалары бар және 18 жастан асқан бала жасынан мүгедектер бар отбасылар, атаулы мемлекеттік әлеуметтік көмек алатындар, жетім балалар, ата-аналарынан кәмелеттік жасқа дейін айырылған, жиырма тоғыз жасқа толмаған, ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балалар.

Мемлекеттік жәрдемді алу үшін қарыз алушының кепілсіз тұтынушылық қарыздары бойынша берешектерінің сомасы 2019 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша 3 млн теңгеден аспауға тиіс.

Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі ұсынған тізімдер негізінде банктер мен микроқаржы ұйымдары 507 363 азаматқа 105 млрд 174,8 млн теңге сомасында негізгі қарыз бен сыйақы бойынша берешектерін өтеген. Оның ішінде 263 527 азаматқа банктер мен микроқаржы ұйымдары алдындағы берешек 32 млрд 24 млн теңге сомасында толық өтелді.

- Павлодар облысы бойынша қарыз алушылардың негізгі қарыз бен сыйақы бойынша берешегі 2 миллиард 510 миллион теңге сомасында өтелген. 13245 азаматтың берешегін өтеу көзделеді, - деді жергілікті филиалда.
Бұл ақпарат соңғы емес және Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Жарлық қолданылатын азаматтардың жеке санаттарының тізімдерін ұсынуына, олардың берешектерін ЕДБ және МҚҰ дерекқорларымен салыстырып тексеруіне қарай толықтырылып отырады.

Барлық туындайтын сұрақтар бойынша Ұлттық Банктің Павлодар филиалына мынадай мекенжай бойынша өтініш жасауға болады: Павлодар қаласы, Академик Сәтбаев көшесі, 44, «Қоғамдық қабылдау бөлмесі» немесе +7 (7182) 704-422, 704-423, 704-439 телефондары арқылы хабарласуға болады.

pavlodarnews.kz

Тэги: