Қазақстандық педагогтар қазан айының бірінші жексенбісінде мерекелейтін кәсіби мерекеге орай Мемлекет басшысы еліміздің үздік педагогтарын атап өтті.

Олардың ішінде Павлодар облысынан бес мұғалім бар. Олар - № 2 Ертіс мектебінің бастауыш сынып мұғалімі Жанат Қамалова, Баянауыл ауданы Сәтбаев атындағы оқу-тәрбие кешенінің тарих пәні мұғалімі Қайриден Мұзафаров, Тереңкөл ауданы Қ. Оспанов атындағы № 3 мектеп-гимназиясының орыс тілі мен әдебиеті мұғалімі Құсна Исмаилова, Павлодар ауданы Шақат мектебінің биология пәні мұғалімі Сағантай Смаилов және Екібастұз қаласы С. Торайғыров №22 мектеп-гимназиясының қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Күлбаршын Сейтова.

- Әрине, мені Президенттің алғыс хатымен марапаттау туралы жаңалық күтпеген жағдай болды, - дейді Құсна Исмаилова. - 34 жыл бойы орыс тілі мен әдебиетінен сабақ беремін. Оқушыларым көптеген зияткерлік байқаулар мен олимпиадаларға қатысып келеді. Еңбегімді осындай жоғары деңгейде атап өткендері өте қуанышты.

Педагогтарға марапат тапсырған өңір басшысы павлодарлық мұғалімдер әрдайым Қазақстандағы ең үздік мұғалімдердің бірі болғанын атап өтті.

- Ұстаздарымызды шын жүректен мақтан тұтамын, олардың арасында нағыз дарын иелері бар, - деді Болат Бақауов. - Балаларға білім беру және оларды қоршаған ортамен таныстыру үшін белгілі бір білік пен талант қажет. Біздің өңір болашақта да білім саласында алдыңғы қатарда қалады деген үміттемін.

Фото: Валерий Бугаев

pavlodarnews.kz

Тэги: