«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Павлодар облысы бойынша филиалының директоры Айдар Сейітказинов еліміздің кез келген тұрғыны пайдалана алатын плагин құрудың мақсаты мен халыққа берер пайдасы туралы айтып берді.

- Функционалды тұрғыдан алғанда, құрал өте қарапайым, - дейді Айдар Сейітқазинов. - Арнайы ресурсқа кіріп, әр тұрғын өзінің ЖСН нөмірін енгізсе болды, сақтандыру мәртебесін біле алады. Барлық адам гаджет қолданатын заманда бұл ыңғайлы әрі уақытты үнемдейді. Егер «сақтандырылған» деген жауап келсе, онда алаңдамауға болады. Ал, егер жауап «сақтандырылмаған» болса, онда себебін анықтау керек. Мысалы, азаматтың «жалдамалы жұмысшы» деген мәртебесі бар және ол үшін төлемді жұмыс беруші жасайды. Жүйе арқылы жұмысшы өзі жұмыс істейтін ұйым ол үшін медициналық сақтандыруға төлем жасап отырғанын немесе төлемнің жасалмай жатқанын анықтай алады.

Филиал директорының айтуынша, тұрғындар мәртебесін анықтау үшін қордың ресми сайты www.fms.kz ашып, оң жақтағы төменгі бұрышта «Статусты анықтау» пәрменін басып, ЖСН тересіз. Жүйе бірден экранға нәтижесін шығарады.

2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстанда МӘМС жүйесі іске қосылады. Оған дейін ел азаматтары сақтандыру мәртебесін анықтап алулары керек. Мысалы, адамға қандай да бір сырқат бойынша диагноз қойылып, оған медициналық көмек қажет және ол сақтандырылмаған болса, онда бұл адамға құрамына учаскелік дәрігер, жедел көмек, шұғыл стационарлық көмек, әлеуметтік маңызы бар аурулар кезінде көрсетілетін медициналық көмек түрлері кіретін тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі қолжетімді болады. Ал, МӘМС пакеті бойынша берілетін медициналық көмек түрлері тек сақтандырылған азаматтарға ғана қолжетімді. Осылайша, егер сіз МӘМС жүйесінде өзіңіздің сақтандыру мәртебеңізді анық білсеңіз, 2020 жылдан бастап өзіңізге қажетті барлық медициналық қызметтер спектрін ала аласыз.

- Плагин әмбебап форматта жасалған, - дейді Айдар Сейітқазинов. - Ол кез келген сайтқа тіркеуге ыңғайлы. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, бұл мәселеге қызығушылық танытқан барлық сайт қолданушыларына айтарым: егер сіздер өздеріңіздің ресурстарыңызда плагинді орнатқыңыз келсе, «Әлеуметтік медициналық сақтандыру» КЕАҚ-на өтініш жаза аласыздар. Байланыс e-mail: p.andreev@fms.kz.

 

pavlodarnews.kz

Тэги: Павлодар облысы, МӘМС, денсаулық