ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, министрлік атаулы әлеуметтік көмекті берудің қолданыстағы жүйесін өзгертетін заң жобасын әзірледі. Жаңа жүйедегі басты бағыт – еңбекке ынталандыру, азаматтардың табыстарын және мемлекеттік қолдау мөлшерін есепке алуға қатысты ашықтық пен әділеттікті қамтамасыз ету.

- Атаулы әлеуметтік көмек өмірлік қиын жағдайға тап болған және одан өз бетінше шығуға мүмкіндігі жоқ адамдарға ғана тағайындалуы тиіс, - деді министр Біржан Нұрымбетов. – Осыған байланысты келесі негізгі тетіктер ұсынылады. Алдымен, көмектің тоқсан сайын тағайындалуын қайтару және тиісінше, шартты және шартсыз көмекті үш айға тағайындау. Себебі, отбасының жан басына шаққандағы табысы келесі тоқсанда көбіне азаю жағына өзгеріп жатады. Яғни, АӘК-ті тоқсан сайын есептегенде тағайындалған мөлшері ұлғаюы мүмкін. Екіншіден, барлық отбасы мүшелеріне АӘК орта табысы мен кедейшілік шегі арасындағы айырмашылық көлемінде төленетін болады. Үшіншіден, егер отбасының еңбекке қабілетті мүшесі ұсынылған жұмыспен қамту шараларынан бас тартса, онда ол және оның отбасының барлық мүшелері АӘК алу құқығынан айырылады. Сонымен қатар, бала күтімімен айналысатын анаға бала үш жасқа толғаннан кейін жұмыспен қамтудың белсенді шараларына қатысу құқығын беру ұсынылады.

Жаңа заң жобасында көп балалы отбасыларға мемлекеттік жәрдемақыны табысына қарамастан төлеу ұсынылып отыр. Ол балалардың санына қарай 42500 теңгеден 73 мың теңгеге дейін сараланған мөлшерде беріледі.

- Атаулы әлеуметтік көмекті алатын балалардың 60 пайыздан астамы көп балалы отбасылардан шыққан, - деді министр. – Осыған байланысты АӘК алу үшін көп балалы отбасылар құрамындағы балаларға табысқа қарамастан берілетін мемлекеттік жәрдемақыға ауыстыруды ұсынамыз. Бұл көп балалы аналардың беделін мойындап, олардың әл-ауқатын арттыру жолы болар еді.

Сондай-ақ министр АӘК алушыларға бос жұмыс орындары, жеңілдетілген шағын несие, қайтарымсыз грант және жаңа кәсіпті үйрену ұсынылатын болады.

- Атаулы әлеуметтік көмек алу үшін ең басты шарт – отбасының жұмыс істеуге қабілетті мүшесі жұмыс істеуі тиіс және өз отбасы үшін жауапкершілігі бар. Егер отбасының жұмыс істеуге қабілетті мүшесі ұсынылған жұмыстан немесе жұмыспен қамту шарасынан бас тартатын болса, онда тек оған ғана емес, бүкіл отбасыға төлем тоқтатылады, - деді Біржан Нұрымбетов.

Министрліктің хабарлауынша, табысын жасыру арқылы АӘК-ті заңсыз алған 73 азамат мемлекетке 156 млн теңге қайтарды.

pavlodarnews.kz

Тэги: Павлодар, АӘК