Бірінші кезекте, мейманды Павлодар облысының әкімі Болат Бақауов қабылдады. Кездесу барысында тараптар екіжақты әріптестікті дамыту мәселелерін қарастырды. Болат Бақауов пен Илияна Йотова іскерлік, мәдени-гуманитарлық қарым-қатынастарды нығайтуға мүдделілігін танытты. 

Павлодар облысына жұмыс сапарымен келген Болгарияның вице-президенті Илияна Йотова «Достық үйінде» этно-мәдени бірлестіктер өкілдерімен жүздесті. Облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы өкілдері қадірлі мейманды қазақы салт-дәстүрмен қарсы алып, шашу шашты. Илияна Йотова қазақтың қымызын ішіп, жергілікті болгар диаспорасы өкілдерінің дастарханынан дәм татты.

Облыс әкімінің орынбасары Асхат Оралов шетелдік мейманды Қазақстан халқы Ассамблеясы мен өңірлік этно-мәдени бірлестіктердің қызметімен таныстырды.

- Тәуелсіздік жылдары ішінде әлемде теңдесі жоқ институт – Қазақстан халқы Ассамблеясы қоғамымызды ұйыстыратын мықты күшке айналды, - дейді Асхат Оралов. – Елімізде кез келген ұлттың өкілі қоғамымыздың маңызды бөлшегі болып табылады. Бүгінде облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы аясында 24 бірлестік, 50 шығармашылық ұжым жұмыс істейді. Қ. Дәржұман атындағы Ұлттық жаңғыру мектебінде 18 тілдік үйірме, оның ішінде болгар тілінен сабақ беретін мектеп бар.

Өз кезегінде, Илияна Йотова павлодарлық қандастарымен кездескен ол үшін үлкен толғаныс екенін атап, өңірімізде болгар тілін оқытуды тереңдету жайындағы жоспарларымен бөлісті.

- Бірінші кезекте республикалық және жергілікті билікке әртүрлі ұлттарға деген қолдаулары үшін алғыс білдіремін, - дейді Илияна Йотова. – Менің сапарымның мақсаты – Қ. Дәржұман атындағы Ұлттық жаңғыру мектебінде болгар тілін оқытуды тереңдету. Сонымен қатар, Павлодарда болгар тарихы, мәдениеті мен тілін үйрететін жексенбілік мектеп ашу жоспарымызда бар.

Әңгіме соңында Болгарияның вице-президенті қазақ пен болгар халықтарының ортақ тарихы жөнінде ой бөлісті.

- Терең тарихты қозғағым келіп тұр. Тарихшылар халықтарымыздың ортақ тарихын Кубрат ханының есімімен байланыстырады. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа Кубрат хан қылышының көшірмесін сыйлағаным осы себепті, - дейді Илияна Йотова.

Кездесу соңында болгар делегациясының назарына «Достық үйіндегі» шығармашылық ұжымдардың орындауындағы концерттік бағдарлама ұсынылды.

Айбек Жұматов

Фото: облыс әкімінің баспасөз қызметі, «Достық үйінің» медиа-орталығы мен автор

pavlodarnews.kz

Тэги: Илияна Йотова, Асхат Оралов, Болгария, Достық үйі, Қазақстан халқы Ассамблеясы