Аталмыш турнир осымен 14-ші рет Ұлттық баскетбол федерациясы мен Халық банкі «Халық» қайырымдылық қорының бастамасымен жыл сайын өткізіліп келеді.

Облыстық білім беру басқармасының мәлімдеуінше, әлеуметтік маңызы бар чемпионат тәрбиеленушілерді салауатты өмір салтымен таныстыруға, жас ұрпақты спортқа тартуға, елдегі баскетбол ойынын танымал етуге, командалық ойын өрнегін арттыруға және дарынды спортшыларды анықтауға мүмкіндік береді. Қазіргі уақытта Ұлттық лигада ойнап жүрген бес кәсіби баскетболшы осы турнир арқылы көзге түскен.

Биыл Қазақстанның түкпір-түкпірінен он жеті команда турнирдің басты олжасын сарапқа салды. Павлодар облысының намысын Павлодар қаласының отбасы үлгісіндегі балалар ауылының жасөспірімдер командасы қорғады.

- Турнирдің ақтық бөліміне Петропавл, Павлодар, Семей және Екібастұз командалары шықты, - деді басқармада. - Командалар айналма ойын жүйесі бойынша сайысқа түсті. Біздің спортшылар белсенділік пен жігер танытып, жеңіске деген құштарлықтары арқасында жарқын ойын көрсетті. Бұл жолы біздің жас баскетболшылардың жолы болып, турнир тарихында алғаш рет алтын медаль алды. Чемпионат қорытындысы бойынша бірінші орынды иеленген командаға «Үміт кубогы» жеңімпазы атағы берілді. Үздік командаға чемпионат демеушілерінен медальдар мен І дәрежелі дипломдар табысталды. Ал осы күзде ҚР Бірыңғай спорттық классификациясына сәйкес команданың барлық спортшылары «Спорт шеберіне кандидат» атағына ие болды.

Айта кетейік, жеңімпаз командаларды марапаттау алдында турнирдің ең үздік он ойыншысы аталды. Олардың бірі - Павлодар командасының капитаны Владимир Оразбаев.

pavlodarnews.kz

Тэги: