Instagram-ға жазба қалдырған Болат Бақауов, биыл Павлодар облысында «Nurly Ertis» бағдарламасы іске қосылғанын атап өтті. Бағдарлама аясында 1241 адам Нұр-Сұлтан қаласынан біздің өңірге көшіп келген. Сондай-ақ ел астанасы мен оңтүстік өңірлерден 220 отбасы Павлодар облысына қоныс аударыпты.

- Олардың жартысынан көбі – көпбалалы отбасылар. Қазір әрбір отбасының жеке баспанасы бар. Көшіп келген еңбекке жарамды адамдардың бәрі тұрақты жұмыспен қамтылды. Олардың балаларына балабақша мен мектептерден орын берілді. Бұл ретте, Павлодар облысындағы білім беру деңгейінің жоғары екенін көпшілік жақсы біледі, – деп жазды Павлодар облысының әкімі.

Болат Бақауовтың жазуынша, бүгінде Павлодар облысында 25 мың бос жұмыс орны бар.

- Қазақстанда жұмыс күші көп өңірлер бар. Ол жақта жұмыс табу қиын. Ал біздің облыста 25 000 жұмыс орны бос тұр. Оның 10 000-ы – тұрақты жұмыс. Аймақта ірі өндірістік кәсіпорындар жұмыс істейді. Шағын және орта бизнес қанат жаюда. Агроөнеркәсіп кешені де қарқынды даму үстінде. Осы орайда, «Nurly Ertis» бағдарламасы аясында әрбір тұрғынды баспанамен, медициналық көмекпен, тұрақты жұмыспен, олардың балаларын білім беру ұйымдарымен қамтамасыз ететінімізді еске салғым келеді, – деді Болат Бақауов.

Аймақ басшысы Instagram-дағы достарын аталған ақпаратты бөлісіп, таратуға шақырды.

- Павлодар облысына көшіп келгісі келетін таныстарыңызды, туыстарыңызды белгілей отырыңыздар, – деп жазбаны аяқтапты Болат Жұмабекұлы.

pavlodarnews.kz

Тэги: Болат Бақауов, қоныс аударушылар, Instagram, Nurly Ertis