Қалалық ішкі саясат бөлімінің мәліметіне сүйенсек, бірнеше күн қатарынан тарихи туындының көрсетілімі жергілікті кинотеатрларда көрерменге лық толы өтуде. Фильмді тамашалаған көрермен қауымның бірі - Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Павлодар қаласының құрметті азаматы, ақын Шолпан Байғалы фильмге қатысты пікірімен бөлісті.

- Сақ патшайымы Томирис тұлпар мініп, қару-жарақ асынып, біздің қыздардың ержүректілігін баяндайды, - дейді ол. - Патшайымның тағдыры қиын жағдайда өтеді. Себебі, сақ-массагеттер тайпасынан шыққан қыз патша қайтыс болғаннан кейін билікті өз қолына алады. «Әлемдегі он әйелдің ішіндегі батылы әрі данышпаны – Томирис» деп бекер айтпаса керек. Мемлекетінің аумағын тойымсыздықпен кеңейте беруді ойлаған парсы патшасы Кир екеуінің арасындағы соғыс кинода әсерлі бейнеленген. Сақ патшайымының рөліне актриса тамаша таңдалған. Бұл кино өзінің мақсатына жетті деп ойлаймын.

Шолпан Байғалының пікірінше, фильм өскелең ұрпақты, қыздарды ержүректілікке, парасаттылыққа, ерлікке тәрбиелейді.

- Фильмді тамашалауға немереммен бірге келдім, - дейді ақын. - Кітаптан оқыған бір басқа, экраннан көргенде мүлдем басқа әсер аласыз. Актерлардың ойнау шеберліктері керемет. Түрлі шайқастар мен тарихи деректер көрсетіледі.  Жалғыз ұлын жоғалтқан  Томирис кегін қайтару мақсатында Кир патшасымен соғыспақ болады. «Менің еліме көз тігіп, жаулап алғың келді. Жеріме көз тастадың», деп соғысып, қырып-жойғаннан кейін Кирдің басын алып келіп, басын бір ыдысқа толы қанға батырып қояды. «Міне, біздің халықтың қанын ішкен қанішер болдың, енді өз қаныңды өзің іш» деген сөздермен өз еліне деген сүйіспеншілікті көрсетеді.

Еске сала кетейік, тарихи драма 27 қыркүйекте прокатқа шықты.

Фильмде Томиристің Сақ патшайымы лауазымына дейінгі өмір жолы көрсетіледі. Туындының авторы – Ақан Сатаев. Картина ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша «Қазақфильм» киностудиясымен түсірілген. Фильмнің бюджеті - 2,5 млрд теңге.

Кейіпкерлер ежелгі түркі, ежелгі парсы тілдерінде сөйлейді. Оған еліміздің танымал киножұлдыздары Димаш Ахимов, Ерік Жолжақсынов, Байкенже Белбаев, Берік Айтжанов, Еркебұлан Дайыров, Мұрат Бисембин, Азамат Сатыбалды, Әділ Ахметов, Айжан Лайджи, Аян Өтепберген, Асылхан Төлепов, Асхат Үрпеков түскен.

Ақбота Сейсенбаева

 

pavlodarnews.kz

Тэги: мәдениет, Павлодар, кино, Томирис