Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз жиынында «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Павлодар облысы бойынша филиалының директоры Айдар Сейітқазинов МӘМС жүйесі туралы баяндады.

- 2019 жылдың қыркүйек айына дейін Павлодар облысының жұмыс берушілері мен жеке кәсіпкерлері МӘМС бойынша 9,7 миллиард теңге төледі, - деді Айдар Сейітқазинов. – Өңірге қарасты қалалар арасында Павлодар қаласы көш бастап тұр. Аудандар арасында Баянауыл, Шарбақты және Павлодар аудандары - үздіктер қатарында. Еліміз бойынша сақтандыру қорына 214,4 миллиард теңге жарна түскен.
Спикердің айтуынша, медициналық қызмет көрсету 2 пакетке бөлінеді. Қазақстан Үкіметі келер жылдан бастап міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесі мен кепілдендірілген тегін медициналық көмек шеңберінде көрсетілетін қызметтер тізімін бекіткен.

- Кепілдендірілген тегін медициналық көмек пакеті минималды стандарттардан тұрады, - деді Айдар Сейітқазинов. – Оған дәрігерлік көмекті қажет ететін шұғыл жағдайларда көмек көрсету, жедел жәрдем, санитарлық авиация, бірқатар созылмалы ауруларды динамикалық бақылау, шұғыл жағдайда стационарда емдеу жатады. Онкологиялы аурулар, туберкулез, психологиялық және наркологиялық аурулардан емделу тегін болмақ. Бұл пакетті кез келген азамат қолдана алады. Ал, екінші МӘМС пакеті арқылы бағасы қымбат болып келетін операциялар, сирек медициналық қызмет түрлері, салалық мамандардың қабылдауы сынды қызметтер алынады. Сондай-ақ МӘМС пакетіне МРТ, компьютерлік томография, ПЦР-анализ, сияқты қызметтер енеді.

Еліміздің барлық азаматтары пайдалана алатын тегін пакет арқылы дәрігерге дейінгі алғашқы медициналық көмек, жалпы тәжірибе дәрігерлері, терапевтер, педиаторлар көрсететін біліктілікті көмек көрсетіледі. Сонымен қатар, әлеуметтік маңызы бар аурулар мен созылмалы аурулардың негізгі түрлерімен ауыратын тұрғындар осы пакет шеңберінде консультативтік-диагностикалық көмекпен, жоспарлы стационарлық және стационарды алмастыратын көмекпен қамтамасыз етіледі. Амбулатормия деңгейінде дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, туберкулезге шалдыққандарды оңалту қызметі де кіреді.

МӘМС пакетімен консультативтік-диагностикалық көмек, бағасы қымбат зертханалық қызметтер, тегін медициналық көмек тізіміне енбеген амбулаторлық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, медициналық оңалту және қалпына келтіруге бағытталған ем-дом шаралары кірмек.

Оразбек Саяхат

pavlodarnews.kz

Тэги: Павлодар облысы, медициналық сақтандыру қоры, медицина