Жоғары оқу орынының жастар саясаты және әлеуметтік мәселелер бойынша департаментінің директоры Дархан Қаржаубай челлендж аясында басшылар өз қолдарымен тағам әзірлеп студенттерге ұсынатынын атап өтті.

- Университетіміздегі «Ас болсын!» челленджіне осы уақытқа дейін 4 проректор мен 4 декан қатысты, - деді Дархан Қаржаубай. – Олар өз қолдарымен ас әзірлеп, студенттерге ұсынды. Бұған дейін бешбармақпен басталған ұлттық тағамдар, палау және өзге де тамақтар даярланды. Бүгін кезек әскери кафедраға келді. Жұма күні тағы 4 декан қатысып, челлендж әрі қарай кафедра басшылары мен департамент директорларына өтеді.

ПМУ әскери кафедрасы ЖОО бас оқу ғимаратының алаңында студенттерге сарбаздар ботқасын дайындады.

- Біз челлендж барысындағы ас әзірлеу үлгісін өзгертуді ұйғардық, - деді әскери кафедраның басшысы, запастағы полковник Булат Токин. – Қарапайым әрі адамдар жаппай қатысатын бағытты таңдадық. Халық әскерилер асын ботқамен елестетеді. Сондықтан қарақұмық пен консервідегі бұқтырылған еттен ботқа әзірлейміз. Бұл бастаманы Ұлттық ұлан гарнизоны да қолдап, арнайы техникасын берді. Бұл чэлленджге қатыса отырып, кафедрамыздың беделін арттыруға және жарнама жасауға мүмкіндік береді. Ас дайын болғанша студенттеріміз өнер көрсетіп, қару-жарақтармен таныстырады. Университет студенттері жақындап танысуына болады. Сол арқылы біздің кафедраға келушілердің қатары артады деген ойдамын.

Сарбаздар ботқасы дайын болғанға дейін кафедра студенттері саппен өнер көрсетіп, граната, тапанша, автомат түрлерімен таныстырды. Ниет білдірушілер қаруды бұзу және жинаудан уақытқа жарысып көрді.

Әскерилердің КП-130 тіркемелі ас үйінде дайындалған сарбаздар ботқасынан 100-ден астам студент дәм татты.

Айта кетейік, 50 жылдан астам тарихы бар ПМУ әскери кафедрасында 270-ке жуық студент 2 әскери мамандық бойынша білім алады. Кафедра түлектеріне «запастағы лейтенант» офицерлік шені беріледі.

Оразбек Саяхат
Фото: автор

pavlodarnews.kz

Тэги: Павлодар, ПМУ, әскери кафедра, челлендж, Ас болсын!