Естеріңізге сала кетейік, Премьер-Лиганың 29-туры аясында өткен «Жетісу» - Ertis матчының 8-минутында Руслан Есімов доп соғып, павлодарлықтарды алға шығарды. Екінші таймда талдықорғандықтар есепті теңестірді. Ал 74-минутта Руслан Мингазов Ertis командасын есепте қайта алға шығарды. Алайда, төреші түркімен ойыншысының қимылынан ереже бұзу фактісін анықтап, голды есептемеді.

Дәл осы сәт даудың басына айналды. Павлодарлық блогер Рустам Мұхаметқалиевтің пікірінше, гол таза соғылды.

- Руслан Мингазовтың соққан голын төреші ойыншы қолмен қимылдағаны үшін есептемей қойды, - деп жазадыРустам Мұхаметқалиев. – Бұл сәтті футболдан хабары адамдар талқыға салуда. Ойыншының қолының қимылы доп ұшуына ешбір әсер тиместен, нәтижесінде «Жетісудің» қақпасына түсті.

Блогер өз Facebook парақшасында аталған төрешінің бір жыл бұрын Ertis – «Шахтер» матчында да қателіктер жібергенін еске түсірді. Оның айтуынша, Арман Есмұратовтың белгілеген даулы пенальтиінің нәтижесінде қарағандылықтар тең нәтижеге қол жеткізді. Сонымен бірге, төреші Стаменковичтің орнына қызыл қағазды Рафкат Асланға қате көрсетті.

Қазақстан футбол федерациясының президенті Әділбек Жақсыбеков болса, жақында футбол клубтары мен арбитрлерді Fair Play қағидаларын ұстануға шақырды. Оның айтуынша, Премьер-Лига мен Бірінші лиганың соңғы матчтарындағы төрешілік жіті бақылауда болады.

Сонымен бірге, 7 қазанда ҚФФ-да бірқатар қазақстандық футболшылардың нәтижесі алдын ала келісілген матчтарға қатысуы талқыланды.

Айбек Жұматов

Фото: ашық дереккөздерден

pavlodarnews.kz

Тэги: Ertis ФК, Ертіс ФК, ҚПЛ, Премьер-Лига, футбол