Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз жиынында «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Павлодар облысы бойынша филиалының директоры Айдар Сейітқазинов мәлім етті.

- Ағымдағы жылы жарнаны тек жұмыс берушілер ғана төлейді, - деді Айдар Сейітқазинов. – Оның көлемі – жалдамалы қызметкерлерге берілетін еңбекақының 1,5 пайызы. Ал, 2020 жылдан бастап медициналық сақтандыру жүйесі іске қосылған кезде жұмыс беруші азаматтардың жалақысынан 1 пайызын сақтандыру қорына аударып отырады. 2022 жылдан бастап түскен табыстың 2 пайызын ұстай бастайды.

Оған қоса, жұмыс берушілер қызметкерлері үшін жарна аударуды жалғастыратын болады. 2020-2021 жылдары – 2%, 2022 жылы – 3% көлемінде.

- Келесі жылдан бастап жеке кәсіпкерлер, шаруа қожалықтарының иелері және жеке тәжірибемен айналысатын тұлғалар, яғни жеке адвокаттар, сот орындаушылары және өзгелер ай сайын ең төменгі жалақының 1,4 есесінің 5 пайызын сақтандыру қорына аударады, - деді филиал директоры. – Ал, олардың қатарына жатпайтын және жалдамалы жұмыскер емес тұрғындар төлемді өз еркімен аудара алады. Дербес төлемшілер медициналық сақтандыру жүйесіне төменгі жалақының 5 пайызын төлейді. Шамамен 2500 теңге.

Сонымен қатар, тұрақты табыс немесе ресми еңбек шарты жоқ азаматтар да медициналық сақтандырудың қатысушысы бола алады. Мұндай мүмкіндік жалдамалы еңбек күшін тартпай, өзге жеке тұлғаларға қызмет көрсетіп, өзін-өзі жұмыспен қамтып отырған қазақстандықтарға беріледі.

Мысалы, саяжайының көкөністері мен жемістерін сатумен, көмір тиеумен немесе бақшаға егін егумен, бала күтуші, репетитор, үйде компьютер жөндеумен айналысатын азаматтар бірыңғай жиынтық төлем (БЖТ) жасай алады. Бірыңғай жиынтық төлемнің ай сайынғы төлемі қалалықтар үшін 1 АЕК – 2525 теңге, ауыл тұрғындары үшін 0,5 АЕК – 1263 теңге.

Оразбек Саяхат
Фото ашық дереккөздерден

pavlodarnews.kz

Тэги: Павлодар, МӘМС, медициналық сақтандыру, қор