Павлодар облысы тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Ирина Сорокина атап өткендей, 1 қазаннан бастап тұмауға қарсы жыл сайынғы вакцинациялау науқаны басталды.

- Бүгінде тұмауға қарсы ресейлік «Гриппол Плюс» екпесінің 56 606 дозасы сатып алынды, - дейді Ирина Сорокина. – Бұл егілуі тиіс халық санының жеті пайызына жеткілікті. Жалпы қоғамда тұмауға қарсы тұрақты иммунитет құрау үшін халық санының 10% егілуі тиіс.

Ирина Сорокинаның айтуынша, тұрғындардың қалған үш пайызы жұмыс берушілер есебінен егіледі. Бүгінде екпеден бас тарту фактілері тіркелген жоқ.

Биыл облысымызда A/Brisbane/02/2018, A/Kansas/14/2017, B/Colorado/06/2017 және B/Phuket/3073/2013 тұмау вирустарының таралуы күтілуде. Маманның пікірінше, тұмау және ЖРВИ вирустарының таралуы ауа райы жағдайына қатысы жоқ.

Одан бөлек, өңірімізде 9-10 айлық балалар арасында қызылша мен қызамыққа қарсы иммунизация жүргізілуде. Облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы айтқандай, бұл екпені тегін беріледі. Оған қоса, 16 қыркүйектен бастап 20-29 жастағы ересектер де аталған ауруларға қарсы егіледі.

Айта кетейік, 2018-2019 жылғы эпидемиологиялық кезеңде ЖРВИ-дің 18686 оқиғасы, тұмаудың 94 оқиғасы тіркелген болатын.

Айбек Жұматов

Фото: Өңірлік коммуникациялар қызметі

pavlodarnews.kz

Тэги: ЖРВИ, тұмау, денсаулық сақтау, вирус, екпе