Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз жиынында облыстық кәсіпкерлік және сауда басқармасының басшысы Жайық Хасанов мәлім етті.

- «Бизнестің жол картасы – 2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында 2013 жылдан бері 105 кәсіпкерге 291 миллион теңгеге грант берілді, - деді Жайық Хасанов. – 45 грант алушы жобаларын жүзеге асырып, грант қаражатын жұмсағаны туралы актілерге қол қойды. 4 кәсіпкер бизнесінің жүрмеуіне байланысты гранттарды өз еркімен қайтарып берді. 41 жоба жүзеге асырылуда.

Спикердің айтуынша, 12 кәсіпкердің грант қаражатын қайтаруға сот шешімі шыққан. Тағы 1 жоба сотта қаралуда.

- Шешім алаяқтық деректері, келісімшарт бойынша міндеттемелерді орындамау, грантты мақсатты пайдаланбау және өзге де себептерге байланысты шығарылды, - деді басқарма басшысы. – Кейбірінің айтуға тұрарлықтай себептері бар. Сатып алатын құралдары уақытында жетпеген немесе керекті құралдарын алуға қаражат жетпегендер бар. Келісім бойынша жобаны жүзеге асыруға 12 ай беріледі. Сол уақыт аралығында жобасын жүзеге асырмағандар қаражатты кері қайтарады.

Биыл облыс бойынша сәуір айында 43 млн теңгеге 15 грант берілген. Оған қоса, тамыз айында Жастар жылына орай 29 жасқа дейінгі 14 кәсіпкер 40 млн теңгеге грант алды.

Айта кетейік, мемлекеттік грантқа ие болған жас кәсіпкерлер жылыжай салу, пластикадан бұйым жасау, ителгі асырау, ұлттық нақыштағы орамасы бар тәттілер дайындау, киім және көрпе қаптарын тігу және өзге де бағыттағы бизнесті қолға алған.

Оразбек Саяхат
Фото: ӨКҚ

pavlodarnews.kz

Тэги: Павлодар, грант, мемлекеттік грант, кәсіпкер, бизнес, экономика