Кездесуге ҮЕҰ мен көп балалы аналар шақырылып, ақпарат және қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Азамат Байтенов пен жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының орынбасары Гүлнар Камалова АӘК төлеудің жаңа өзгерістері туралы айтып берді.

-  Біріншіден, республиканың барлық дерлік өңірлерінің ұсыныстары бойынша төрт және одан да көп балалары бар отбасыларға жеке мемлекеттік жәрдемақы төленетін болады, - деді Гүлнар Камалова. - Бұрын, яғни 2018 жылдың соңына дейін көп балалы отбасылар барлық балаларға 10500 теңге мөлшерінде мемлекеттік жәрдемақы алды. Енді, егер отбасының төрт баласы болса  42500 теңге, яғни ең төменгі жалақы мөлшерін алатын болады. 5 баладан тұратын отбасы 53750 теңге, алты баладан 63250 теңге, жеті баладан 73375 теңге және қалғандары осы мөлшер бойынша мемлекеттік жәрдемақы алатын болады.

Сонымен қатар, ол екінші жаңашылдық бойынша жан басына шаққандағы орташа табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70 пайызына тең аз қамтамасыз етілген отбасыларға АӘК төлеу жалғасатындығына тоқталып өтті.

-  Біздің облыста ағымдағы тоқсанда бұл сома 19294 теңгені құрады, - дейді Гүлнар Камалова. - Атаулы әлеуметтік көмек алу үшін ең басты шарттың бірі -  отбасының жұмыс істеуге қабілетті мүшесі  еңбек етуі тиіс. Егер отбасының жұмыс істеуге қабілетті мүшесі ұсынылған жұмыстан немесе жұмыспен қамту шарасынан бас тартатын болса, онда тек оған ғана емес, бүкіл отбасыға төлем тоқтатылады. Ал үшінші бағыт - балаларға арналған міндетті әлеуметтік пакет. Яғни, егер отбасында бір жастан алты жасқа дейінгі балалар болса, оларға балалар тағамы мен гигиеналық құралдар беріледі. Ал мектеп жасындағы балалар мектепте ыстық тамақ, жол, киім және кеңсе керек-жарақтарымен қамтамасыз етіледі.

Басқарма ұсынған мәліметке сәйкес, бүгінгі таңда облыста 7993 отбасына АӘК  төленеді. Олардың ішінде 36 мыңға жуық адам 2 млрд 616 млн теңге сомасына әлеуметтік көмек алған. Оның ішінде 3000-ы Павлодар қаласында тұратындар. Бұл өткен жылмен салыстырғанда бес есеге артық.  

Еске сала кетейік, 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап АӘК төлеудің жаңа жүйесі енгізіледі

Айгүл Жүсіпова

Фото: Индира Лятина

 

pavlodarnews.kz

Тэги: