Аталған іс-шараға қатысқан облыстық төтенше жағдайлар департаменті автобустардың өрт қауіпсіздігін тексеріп, Апаттар медицинасы орталығының жедел әрекет ету бригадасы жүргізушілердің жұмысқа жарамдылығы мен жолаушылардың денсаулық жағдайын байқап көрді.

Облыстық жергілікті полиция қызметі басқармасы жол-патрульдік қызметінің инспекторы, аға лейтенант Бейбіт Тілемісовтің айтуынша, іс-шара мақсаты – тас жолдарындағы автобустардың жол-көлік тәртібін сақтауды күшейту. Осы жолы полицейлер Павлодар-Қызылорда тас жолын таңдаған.

- Бүгінгі іс-шараны Павлодар-Қызылорда тас жолында өткізгеніміздің себебі, биыл 75 жол-көлік апаты орын алып, 16 адам қаза тауып, 178 адам жарақаттанған, - дейді Бейбіт Тілемісов. – Бүгін біз 20 автобус тоқтатып, олардың жүргізушілеріне жол жүру ережелерін тағы бір рет түсіндірдік, ақпарат тараттық. Оған қоса, жүргізушілер мен жолаушыларға ыстық шай мен бауырсақ таратылды.

Бұдан бөлек, «Автобус» жедел алдын алу іс-шарасы кезінде бірнеше ереже бұзу фактісі анықталды. Айталық, Павлодар-Нұр-Сұлтан бағыты бойынша жол жүретін автобус жүргізушісінің автовокзалмен келісімшартының жоқтығы анықталды. Тағы бір жүргізуші шағын автобусына заңсыз түрде жолаушыларға арналған қосымша орын жасап алғаны анықталды.

Аталған жүргізушілер айыппұл төлеу түрінде әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

«Автобус» республикалық жедел алдын алу іс-шарасы 10-17 қазан аралығында өткізіледі.

Айбек Жұматов

Фото: автор

pavlodarnews.kz

Тэги: полиция, «Автобус» іс-шарасы, жүргізушілер, Павлодар-Қызылорда