Айтулы күнмен мерекеге жиналғандарды аймақ басшысының атынан облыс әкімі аппаратының жетекшісі Ағыбай Әмірин құттықтады.

- 10 қазанда алғаш рет Үкімет қаулысымен Кәсіподақтар күні аталып өтуде, - деп атап өтті аппарат жетекшісі. - Павлодар облысындағы әрбір үшінші жұмысшы - кәсіподақ мүшесі. Біздің қатарымызда ұстаздар мен дәрігерлер, металлургтер, агрария, мұнай, көмір, телекоммуникация саласының өкілдері, шығармашылық зиялы қауым, мемлекеттік қызметкерлер және тағы басқалары бар. Бүгінде қазақстандық кәсіподақтар тұрақтылықтың тірегіне айналды. Кәсіподақтар - мемлекеттік органдардың әлеуметтік-экономикалық тапсырмаларын шешуде белсенді және лайықты серіктестері ғана емес, халықаралық кәсіподақ қозғалысына белсенді атсалысатын ұйым. Сондай-ақ, ардагерлер мен жастарды біріктіреді. Облыстық кәсіподақ ұйымдары өз ұсыныстарын билік органдары мен әлеуметтік серіктестеріне білдіру арқылы әлеуметтік-экономикалық саясатты жүзеге асыруға атсалысады. Кәсіподақтың жұмысы жұмыскерлердің әлеуметтік қорғалуына, отбасыларды қолдауға бағытталған.

Сондай-ақ, жиынға қатысқан ҚР Кәсіподақтар Федерациясы төрағасының орынбасары Ержан Егембердиев өз тілегін білдірді.

Шара барысында бірқатар үздік мамандар мен ұзақ жыл еңбек еткен жандарға кәсіподақ ұйымының қозғалысына қосқан зор үлесі үшін ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан Алғыс хаттар, кәсіподақ ұйымының қозғалысына белсенділік көрсеткені үшін ҚР Кәсіподақ Федерациясының «Кәсіподақ ардагері» және «Кәсіподаққа сіңірген еңбегі үшін» төсбелгілері табыс етілді. Олардың ішінде «Павлодарэнерго» жұмысшыларының жергілікті кәсіподағының төрағасы Балтабек Төлеубаев, «Батыр Көмір» жергілікті кәсіподағының жұмыскері Владимир Скворцов, Павлодар аудандық емханасының дәрігері Айман Сейілханова және тағы басқалары бар.

 ПМХЗ мұнай өңдеу жергілікті кәсіподақ ұйымының және мұнай-газ кешені қызметкерлерінің қазақстандық салалық кәсіподақтың төрайымы Татьяна Васькина кәсіпорындағы жұмысшыларға жасалған қолайлы жағдай туралы айтып берді.

- Біздің ұжымдық келісімшарт ең үздік келісімшарттардың қатарына кіреді, - дейді Татьяна Васькина. – Себебі, ПМХЗ мұнай өңдеу зауыты - жоғары әлеуметтік пакет ұсынатын тұрақты кәсіпорын. Қазан айында кәсіподақ қозғалысының қызметкерлерінің ұжымдық келісімшарты қайта қаралатын болады. Қазіргі таңда сол бағытта жұмыс істеп жатырмыз. Еңбек кодексіне сәйкес ұжымдық келісімшарт қайта қаралған жағдайда жұмыскерлердің ғана емес, олардың отбасы мүшелерінің әлеуметтік жағдайы жақсара түсуі керек. Мысалы, биылғы жылы  тамыз айында «ҚазМұнайГаз» компаниясы тобында, оның ішінде Павлодар мұнай-химия зауытында жаңашылдық енгізілді. Жұмысшылардың мектеп жасындағы балаларының әрқайсысына 15 тамызға дейін мектеп формасы мен керек-жарақ сатып алу үшін 100 мың теңгеден төленеді. Бұл сомадан салық алынады. Сонымен қатар, биылғы жылдан бастап мектеп жасына дейінгі балаларға дотация бар. Егер жұмысқа шыққыңыз келсе,  бірақ мемлекеттік балабақшада орын жетпей қалған жағдайда  жұмыс беруші мемлекеттік емес мекемеге баратын балалар үшін төлем ұсынады. Дегенмен, бұл мекеме салық төлейтін және ресми түрде  келісімшарт жасалған болуы тиіс.

Ақбота Сейсенбаева

Фото: Светлана Воронова

pavlodarnews.kz

Тэги: Павлодар, қоғам, білім