Облыс орталығында 2019 жылы «Жасыл ел» сапында 1 мыңнан астам сарбаз 60 топқа бөлініп еңбек етті. Олар экологиялық, еріктілер, құрылыс сияқты 9 бағытта жұмыс жасады.

- Биылғы маусым көптеген қызықты шаралармен есте қалды, - деді облыстық «Жасыл ел» штабының аппарат басшысы Абай Уахит. – Қаламызда ашық аспан астында жаппай спорттық жаттығулар өтті. Оған олимпиада жүлдегерлері мен өңіріміздегі спорт чемпиондары қатысты. Сондай-ақ Усолкада екінші жыл қатарынан ауқымды экологиялық шара өткізілді. Қала және облыс басшылығы атсалысқан шарада тұрғындар 4 мың тоннадан астам қоқыс жинады. Ол жерде қоқыс көп жиналатын. Тұрғындарға насихат жүргізу, үйрету арқылы қазір қоқыс көп жиналмайтын болды.

2019 жылы «Жасыл ел» сапында еңбектенген жастардың орташа жалақысы 60 мың теңгені құрады. Оның 31700 теңгесі мемлекет тарапынан берілсе, қалған сомасы жұмыс берушілерден ұсынылды. Ал, құрылыс тобында қызмет еткен жастардың еңбекақысы 100 мың теңгеге дейін жеткен.

Бүгінгі қорытынды шара барысында Павлодар қаласы әкімінің орынбасары Светлана Гладышева маусымдағы үздіктерге сыйлықтарын табыс етті.

- Мен сарбаздарды қала басшылығының атынан 15-маусымның жабылуымен құттықтаймын!, - деді Светлана Гладышева. – 15 жылда штаб жақсы тарих қана болып қалмай, Павлодар қаласы және облыстың белгілі бір бөлігіне айналды. Көп жұмыс атқарылды. Алғашқы жылдары аулаларды көркейтіп бастады. Кейін жасылелдіктерге көп сенім артыла бастады. Тек ауланы көркейтіп қоймай, әлеуметтік маңызы бар құрылыстарды да сенім артып тапсырды. Биыл қаламыздағы онкологиялық орталықтың құрылысына қатысты. Бұл жасылелдіктер өздерін жақсы және жоғары дәрежеде көрсете білгендігі. Алдағы еріктілер жылы да жақсы істер атқаруға тілектеспін. Біз болашақ - жастардың қолында, дейміз. Ал, сіздер бүгінгі күн де жастардың қолымен жасалып жатқанын байқаттыңыздар.

Сонымен қатар, облыстық штаб өкілдері Светлана Гладышеваға жастарға қолдау білдіргені үшін «Жасыл ел» киім үлгісін сыйға тартты.

15-маусымның «Үздік сарбазы» атанғандардың қатарында Тереңкөл аудынының мектеп оқушысы Айсан Сәрсен де бар.

- «Жасыл елде» жұмыс істеуді осы жылы бастадым, - деді Айсан Сәрсен. – Менің ағам осында қызмет атқарғандықтан, қызығушылық танытып, ағамнан бәрін сұрап алдым. Өзім Песчан орта мектебінде 11-сыныпта оқимын. Жазғы мезгілде қаладағы туысқандарыма қонаққа келдім. Босқа жатпай, қаланы тазарту жұмысына араласуға бел байладым. Тобымызда 11 адам болып, Ертіс өзенінің алқабын қоқыстардан тазарттық. Өз қалаңды тазартуға қатысып, тазартып жатқаныңды көрген басқалар құрмет білдіреді.

Айта кетейік, маусым барысында қалалық «Жасыл ел» сарбаздары қарттарға көмектесіп, аулаларды көріктендіру, шаһарда гүл отырғызу, құрылыс салу жұмыстарына жұмылдырылды. Сондай-ақ 500 түптен астам ағаш отырғызды. Осы уақытқа дейін зауыттардың маңында, Усолка шағын ауданында еккен болса, қазан айының аяғында жағалауда көшеттер отырғызу жоспарланған.

Оразбек Саяхат
Фото: автор

pavlodarnews.kz

Тэги: Павлодар, қала, Жасыл ел, маусым, жабылу, жастар