Қалалық білім беру бөлімінің маманы Балжан Әділханованың айтуынша, біріншілік Павлодар қаласы білім беру бөлімінің экология және туризм балалар-жасөспірімдер орталығы мен дене шынықтыру және спорт бөлімі, облыстық федерация бірлесіп ұйымдастырған.

Аталмыш біріншілікке Май, Ертіс аудандарынан, Ақсу, Екібастұз қалаларынан, «Горизонт», «Эдельвейс», «Зерде» клубтарынан 140-тан астам адам қатысты. Сондай-ақ, педагогикалық университетінің студенттері, колледждер ардагерлері құрамасы, № 41, 36, 21 мектеп, балалар-жасөспірімдер экология және туризм орталығының «Искра», «Вертикаль» клубтарының тәрбиеленушілері бақ сынады.

Ертіс өзенінің жайылымында дене шынықтыру пәні мұғалімдері арасында өткізілген жарыс қорытындысы бойынша 6,5 км жүгірісте № 21 ЖОМ дене шынықтыру мұғалімі, спорттық бағдарлау бойынша спорт шеберіне үміткер Виктор Родькин I орынды иеленді.

- Мектепте 2 жыл жұмыс істеймін, - дейді Виктор Родькин. - Мұғалімдер арасында шаңғы жарысы бойынша II орын, облыстың шаңғы жарысы эстафетасында I орын, спорттық бағдарлау бойынша қаланың ашық чемпионатында II орын иелендім. Жұмыстан бос уақытымда хоккеймен шұғылданамын, команда құрамында әртүрлі әуесқой турнирлерге қатысамын. Мұғалім ретінде мен үшін оқу үдерісін қызықты ету - басты мақсат. Мектепте жеңіл атлетика және шаңғы жарысы секциясын өткіземін.

Айта кетейік, қос спортшы Алевтина және Леонид Кольцовтар өңірде балалар туризмін және спорттық бағдарлауды дамытуға зор үлес қосқан.

pavlodarnews.kz

Тэги: Павлодар, қоғам, білім