Облыстық ақпарат және қоғамдық даму басқармасы конфессияаралық қатынастарды талдау және дамыту орталығының басшысы Гүлназ Раздықова полицейлерге деструктивті ағымдар жайында баяндады.

Мекеме басшысының орынбасары Ербол Шәріповтың жетекшілігімен ой-өрісті кеңейту, қылмыстық-атқару жүйесі қызметкерлерін деструктивті діни ұйымдарға тартудың алдын алу мақсатында сабақ өткізіліп, деструктивті діни ағымдардың шынайы мәнін ашатын бейнесюжеттер көрсетілді.

- Экстремизмге және терроризмге байланысты қылмыстар үшін жазасын өтеп жатқан барлық адамдар салафизм деструктивті ағымының өкілдері болып табылады. Сыртынан өте діндар адамдар болып көрінуге тырысқанымен, Қазақстандық салафиттердің арасында қылмыскерлер өте көп, - дейді Гүлназ Раздықова.

Кездесуде Гүлназ Раздықова діни экстремистік ағымдардың зияны, дінмен бүркемеленген азғырушылардың шынайы ниеттері туралы айтып берді.

Жиын барысында барлық қатысушыларға өздерін қызықтырған сұрақтар қоюға мүмкіндік берілді. Тақырыпты талқылау кезінде Гүлназ Раздықова Қазақстан аумағында террористік актілерді өткізуге дайындалып жатқан және жүзеге асырған діни ұяшықтардың радикализациясы, құрылуы, қызметі сияқты өзекті тақырыптарды қозғады.

Сондай-ақ, осы актілердің құрбандары туралы статистикалық мәліметтерді келтіріп, қазақстандықтардың әскери іс-қимыл аймақтарынан қайтып келуі бойынша жүргізілген «Жусан» арнайы операциясы туралы әңгімеледі.

pavlodarnews.kz

Тэги: Павлодар, полиция, дін