«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ Павлодар облысы бойынша филиалы баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, композитті түрде көрсетілетін қызмет түрлері арта түспек. Бұдан былай қандайда бір мемлекеттік қызметті алу үшін толтырылатын өтініш саны азайтылатын болады.

2020 жылы қызмет көрсету процесін оңтайландыру үшін 55 түрлі мемлекеттік қызмет 21 түрлі композиттік қызметке біріктіру жоспарланып отыр.

- Мұндай қызметтердің ішінде жер актісін алу қызметі үлкен сұранысқа ие деп ойлаймын. Мәселен, қазір бұл қызметті алу үшін 4 түрлі өтініш жазу керек. 2020 жылдан бастап, бұл актілердің барлығы біріктіріліп, «Сәйкестендіру құжаттарын әзірлеу және беру» сияқты бір қызмет арқылы қолжетімді болады. Бұған дейін біз зейнеткерлікке байланысты төлемдерді тағайындау бойынша барлық қызметті композит қызметіне біріктіргенбіз, – дейді мемлекеттік корпорацияның басқарма төрайымы Әсемгүл Балташева.

Айта кетейік, бұған дейін зейнет жасына жеткен азамат ХҚО-ға келіп жасына байланысты және базалық зейнетақыны төлеу бойынша 2 өтініш беретін. Әрі бір айдан кейін қайтадан мемлекеттік кепіл төлем жасау туралы өтініш жазып, кейін бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына барып, тағы бір өтініш толтыратын. Енді осы 4 қызмет үшін ХҚО-ға бір-ақ рет барып, бір ғана өтініш жазу жеткілікті.

pavlodarnews.kz

Тэги: Павлодар, мемлекеттік қызмет, ХҚКО