«Nur Otan» партиясының облыстық филиалының «Кедергісіз келешек» жобасы аясында жүзеге асырылып жатқан жұмыс жайында партия облфилиалы төрағасының бірінші орынбасары Илья Теренченко баяндап берді.

Оның айтуынша, Ertis телеарнасының эфирінен шығатын «Фракция күнінің» кезекті тақырыбы мүмкіндіктері шектеулі азаматтардың мұң-мұқтаждығы болмақ. Қазірдің өзінде мүгедек азаматтардан 35 өтініш келіп түсті. 

- Өткен қабылдау кезінде партия филиалының төрағасы Болат Бақауовқа бір топ мүгедек азаматтар инватаксиге бөлінетін қаражатты ұлғайту жөнінде ұсыныс айтқан болатын. Филиал төрағасы бір ай ішінде мүмкіндіктері шектеулі азаматтардың барлық проблемаларымен танысуды тапсырды. Біз арнайы жұмыс тобын құрып, осы жұмысты 25 қазанға дейін аяқтап, қорытындысында Ertis телеарнасында тікелей эфирде талқылаймыз, - дейді Илья Теренченко.



Оған қоса, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының ардагерлер мен мүгедектермен жұмыс бөлімінің басшысы Зарина Алинова кемтар жандар арасында шешілмей жатқан мәселелердің қатарында мүмкіндіктері шектеулі азаматтарды тифлотехникалық құрылғылар, арбалар мен санаторлық-курорттық еммен қамтуды атады.

Сонымен бірге, «Қазақ зағиптар қоғамы» облыстық филиалының төрағасы, І топтағы мүгедек Дүйсенбі Қабдолов қаламыздағы зағиптарға арналған кітапхана маңында дыбыстық бағдаршам орнатуды сұрады.

«Фракция күні» Ertis телеарнасында 25 қазан күні сағат 11.00-де эфирге шығады.

Айбек Жұматов

Фото: автор

pavlodarnews.kz

Тэги: мүгедектер, Nur Otan, Нұр Отан, партия, Ertis телеарнасы, Фракция күні