Білім беру мекемесі өндірістік тәжірибе жөніндегі директордың орынбасары Алмагүл Нұржанованың айтуынша, кафені ашудың басты мақсаты - «Тамақтандыру кәсіпорындары өнімдерінің технологиясы және өндірісті ұйымдастыру» мамандығы бойынша тәжірибелік дағдыларды  меңгеру, кадрларды даярлау сапасын жетілдіру. 

-Біз дуалды оқытуға көштік, оқу жоспарларын қайта қарадық, - дейді  Алмагүл Нұржанова. -  Барлық тәжірибелік-зертханалық сабақтарды, оқу тәжірибесі мен өндірістік оқытуды тәжірибелік дағдыларды пысықтауға ауыстырдық. Дуалды оқытуға сәйкес, оқу жүктемесінің 20 пайызы колледж базасында теориялық  білім беруге арналса,  80 пайызы кәсіпорын, яғни,  дәмхана базасында тәжірибелік сабақ өтеді. Өйткені, олар кабинетте отырып өндірісте қалай жұмыс істеу керек екенін көре алмайды.

Оған қоса, тақырыптық дәмхана базасында зертханалық-тәжірибелік сабақтарды өткізу, сонымен қатар «Аспаз ісі», «Наубайхана шеберлігі» құзыреттерін дамыту бойынша әртүрлі шеберлік сыныптары мен семинарларды және  WorldSkills чемпионатын өткізу жоспарланған.

Алмагүл Нұржанова білім алушылар мұнда тәжірибелік дағдыларды тікелей ала алатынын және өздері кешенді түскі ас дайындайтынын атап өтті. Өндіріс шеберлерінің қадағалауымен бірінші және екінші тағамдар,  нан және нан өнімдерін өздері пісіреді. Бұған қоса, олар кәсіпорындарда оқу жоспарына сәйкес оқу, өндірістік оқыту, технологиялық, дипломалды тәжірибелерінен өтеді. 

Оқушылар жергілікті өндірістерде де тәжірибе жинайды. Оның ішінде  «Зимняя вишня», Baileys мейрамханасы мен «Ертіс» қонақ үй кешеніне атап өтуге болады. Сонымен қатар,  «Айсберг-ПВ» ЖШС-мен келісімшарт жасалды. Сол жерде студенттерді жартылай фабрикаттарды дайындауға үйретеді. Көптеген балалар ақылы тәжірибеден өтеді. Бұл білім алушыларды ынталандырады. Тәжірибеден өткеннен кейін жастар  кәсіпорындарда жұмыс істей алады. 

- Бұл дәмхана біздің студенттеріміз тәжірибе  жинауға арналған, - дейді технологиялық колледждің директоры Қабылқақ Қапенов. - Содан кейін олар мейрамханаларға, дәмханаларға барған кезде тек теориялық білімді ғана емес, сонымен қатар оларға тез бейімделуге мүмкіндік беретін практикалық дағдыларды да меңгеретін болады. Өйткені қазір нарық жағдайға тез бейімделе алатын мамандарды талап етеді.

 Еске сала кетейік, Елбасы «Жас маман» жобасы 2019 жылдың қаңтарында әзірлеуді тапсырған болатын. Бағдарламаға сәйкес, Қазақстанда 180 колледж және 20 жоғары оқу орны барынша сұранысқа ие 100 мамандық бойынша жаңғыртылады. Оқу ұйымдарына жабдықтар сатып алуға, білім беру процесін жақсарту және оқытушыларды оқыту үшін шетелдік серіктестерді тартуға көмектеседі.

Айгүл Жүсіпова
Фото: Ольга Бугаева

pavlodarnews.kz

Тэги: Павлодар, технологиялық колледж, кафе, оқу, студент, білім