Воскресенка ауылдық округі әкімдігінің мәлімдеуінше, «Ай-Су-Мелиорация» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі бұл бағыттағы жұмысты өз уақытында аяқтаған. Игілікті іс екі жарым айдың ішінде атқарылып, бұл мақсатқа республикалық және облыстық бюджеттерден 312 миллион теңге қаржы бөлінген.

Қазіргі уақытта арнайы қоршалған алаңда су құбырларының қондырғылары орналастырылған. Мұнда сыйымдылығы 150 текше метр су жинайтын, су тазалағыш қондырғылар, су сорғысы мен генератор бар.

Оператор болып жұмыс істейтін ауыл тұрғындары Оразбек Ыбыраев пен Яков Бутенконың айтуынша, ауыл тұрғындары тәулігіне 3-4 текше метр су пайдалануда. Осылайша, жергілікті халық 25 жыл күткен күрмеулі мәселенің шешілгеніне қуанышты.

- Таза ауыз судың жоқтығынан елді мекеннен көшіп кеткендер де бар, - дейді ауыл тұрғыны Маржан Жұмалинова. - Барлығы денсаулықтары үшін алаңдайтын. Бұған дейін суды құдықтан тасыған едік. Алайда оның сапасын ешкім тексермейтін. Тілегіміз орындалып, ауылға су құбыры орнатылды. Тұрғындар үйге су тарту үшін қажетті жабдықтарды орнатуда. Бұл іспен айналысқан азаматтарға алғыс айтамын.

Айта кетейік, ауылда 102 тұрғын үйде 321 адам тұрады. Барлық әлеуметтік маңызды нысандарға және әрбір үйге су құбырлары желісі тартылған.

Фото: Ербол Қамзин

pavlodarnews.kz

Тэги: қоғам