Еске сала кетейік, тамыз айында көп балалы аналар облыс әкіміне тірек-қимыл аппараты бұзылған балаларды оңалту үшін қосымша корпус ашу туралы өтініш білдірген болатын. Өңір басшысы бұл мәселені қарстырып, оны балалардың ата-анасымен талқылауға уәде берген.

Нысанның ашылуына қатысқан облыс әкімі Болат Бақауов орталықты кеңейтудің арқасында бірден бірнеше мәселе шешілгенін атап өтті.

- Біріншіден, балаларымен өз бетінше айналысып жүрген мүгедек балалардың аналары оларды осында беріп, жұмысқа шыға алады, - деп мәлімдеді аймақ басшысы. - Сонымен қатар, біз 30 жаңа жұмыс орнын аштық. Орталықта бассейн бар, мүмкіндігі шектеулі балалар массаж алады. Олардың 1 айдан 1 жыл уақыт аралығында ем қабылдау мүмкіндігі бар. Сапалы оңалтуды және арнайы күтімді қажет ететін балалардың басқа да санаттарын қамтамасыз ету үшін жұмысты міндетті түрде жалғастырамыз.

Орталық қызметінің негізгі мақсаты тірек-қимыл аппараты бұзылған балаларға кешенді әлеуметтік-медициналық және психологиялық-педагогикалық көмек көрсету болып табылады.

Облыста 2635 мүмкіндігі шектеулі бала бар, оның ішінде 489 баланың тірек-қимыл аппараты бұзылған. 2018 жылы 181 балаға арнаулы әлеуметтік қызмет көрсетілді. Ағымдағы жылдың 10 айында 152 бала оңалтудан өтті.

-Орталық тірек-қимыл аппараты бұзылған балаларды  оңалту мәселесін шешуге мүмкіндік береді, - дейді тірек-қимыл аппараты бұзылған балаларды оңалту арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталығының басшысы Бейбіт Шақабаев. -  Бізде 62 бала болды, ал қазір 110 бала тегін ем алады.  Ата-аналар немесе инватакси балаларды таңертең әкеледі. Олар мұнда кешкі алтыға дейін болады. Басқа аудандардан келген мүмкіндігі шектеулі балалар осында тұрады. Олар үшін арнайы медбике және көмекшілер жұмыс істейді. Күніне алты мезгіл тамақтанады. Сонымен қатар орталықта бассейн, толығымен жабдықталған физиотерапия бөлмесі  орналасқан.

Орталықтың барлық қызметі бойынша 43 тәрбиеленушісі өз бетімен жүріп-тұруды, 15-і өз бетімен отыруды, 30-ы жүруді  үйренді. Балалардың жалпы санынан 12-сі балабақшаға, 22-сі жалпы білім беретін мектептерге, 19-ы жоғары және орта кәсіптік оқу орындарында оқиды.

Тірек-қимыл аппараты бұзылған балалар үшін оңалтуды одан әрі дамыту мүгедек балалардың қоғамға бейімделуіне үлкен көмегін тигізеді.

Айта кетейік, орталық жалпыұлттық іс - шаралар жоспарын іске асыру бағытында ҚР Президенті Қ. Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауы  аясында  шағын және орта оңалту орталықтарының желісін кеңейту  бағытында қолданысқа берілді.

Айгүл Жүсіпова

Фото: Ольга Бугаева және Валерий Бугаев

pavlodarnews.kz

Тэги: оңалту орталығы, мүмкіндігі шектеулі балалар, Болат Бақауов, Павлодар