«Ертіс дарыны» өңірлік қосымша білім беру орталығы конкурстық формалар және зияткерлік жарыстар бөлімінің меңгерушісі Ақмарал Жапарбекованың айтуынша, облыстық кезеңнің қорытындысы бойынша 4 жеңімпаз Алматы қаласында 1-3 қарашада өткізілетін республикалық кезеңде бақ сынайды.

- Байқау екі кезеңнен тұрды, - дейді Ақмарал Жапарбекова. - Бірінші кезеңде Қазақстан тарихы бойынша тестілеу өтсе, екінші кезең 4 номинацияға бөлінді. «Менің кіші отанымның тарихы» номинациясында елді мекеннің тарихын бейне-репортаж арқылы көрсету қажет болды. «Кіші Отанымның символы» номинациясы бойынша оқушылар жануар, өсімдік, адам, құбылыс тақырыбында өз таңдауы бойынша презентация - видео дайындап қорғады. «Менің кіші Отанымның болашағы» номинациясында презентация түрінде макет жасады және «Менің туған өлкем» номинациясында өз елді мекені туралы эссе жазды.

Байқау қорытындысы бойынша «Менің кіші Отанымның тарихы» номинациясында - № 3 гимназияның 9 сынып оқушысы Арина Агаева, «Кіші Отанымның символы» номинациясында - көп салалы лицей-интернатының 9 сынып оқушысы Айым Құрбан, «Менің кіші Отанымның болашағы» номинациясында - Ақсу қаласы Достық орта мектебінің оқушысы Жадыра Рашат және «Менің туған өлкем» номинациясында Абай атындағы № 10 лицей-мектебінің 9 сынып оқушысы Әлішер Дабылхан жүлделі бірінші орынға ие болды. Бұл төрт оқушы республикалық кезеңге жолдама алды.

Айта кетейік, республикалық байқау Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласындағы «Туған жер» бағдарламасын іске асыру шеңберінде ұйымдастырылды.

Айгүл Жүсіпова

Фото: «Ертіс дарыны» өңірлік қосымша білім беру орталығынан

 

pavlodarnews.kz

Тэги: